"PTC Holding" Грузияда мультимодальды терминалдың құрылысын бастады

407

Терминал 8 гектар жерде орналасады 

"PTC Holding" Грузияда мультимодальды терминалдың құрылысын бастады

Қазақстан мен Грузия үшін маңызды жоба. Поти қаласындағы теңіз айлағында жаңа мультимодальды терминалдың құрылысы басталмақ.

Поти қаласы. Қазақстан мен Грузияның байланыстыратын инфрақұрылымдық жоба осы жерде тұрғызылмақ. "PTC Holding" компаниясы бұрын тұрған ғимараттарды бұзып, енді мультимодальді терминалдың құрылысына кірісті. Екі елдің үкімет мүшелері мен бизнес өкілдері құрылыс орнына капсула салды.

"Тарихқа көз салсақ, біздің елдер арасында бұрыннан жемісті экономикалық қарым-қатынас қалыптасқан. Саяси серіктестік те өте жақсы. Батуми айлағында табысты ынтымақтастық орнатқанымыз соның дәлелі. Қазір осы серіктестіктің ауқымын әрі қарай кеңейтіп жатырмыз. Сондықтан қазақ инвесторларын Грузияда құшақ жая қарсы аламыз", - деді Грузия вице-премьері - Экономика және тұрақты даму министрі Леван Давиташвили.

Бұл терминал Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы жүк тасымалының көлемін арттыратын маңызды жоба болмақ. Қазіргі аумалы-төкпелі геосаяси жағдайда қазақстандық кәсіпорындар үшін өз тауарын әртүрлі бағыт арқылы тасымалдау өте өзекті. Оның үстіне Қазақстанның логистикалық әлеуетін әртараптандыру жоспарын орындауға да мүмкіндік бермек.

"Қазақ компаниялары Қазақстан аумағынан әрі асып, қазір Поти айлағының дамуына атсалысып жатыр. Бүгінгі капсула салу рәсімі  Қазақстан тарапының Транскаспий дәлізін дамытуға бағытталған саясатының жалғасы деуге болады. Соның арқасында осы жерде қазақстандық үлесі бар өз терминалымызды салмақпыз. Бұл нысан алдағы уақытта жылына 500 мың контейнерді қабылдап жөнелтеді деп күтіліп отыр", - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.

Жаңа терминал 8 гектар аумақта орналаспақ. Теміржолдардың ұзындығы 4 шақырым болады деп жоспарланған. Қойма кешендерінің аумағы 4 680 шаршы метр болады.

Осының бәрі алғашқы кезеңде жылына 80 мың контейнер жөнелтуге мүмкіндік бермек. Кейін жылдық қуаттылығы 450 мың контейнерге жетеді деп көзделіп отыр. Бәрінен бұрын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі CASCA+ шеңберінде жүк тасымалын қамтуға басымдық беріледі.

"Біз Қазақстанның өзінде әртүрлі жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Қазақстан мен Қытай шекарасындағы Достық станциясында терминал тұрғыздық. Өзбекстанда ауқымды жобаны бастадық. Бүгінгі Грузиядағы нысан осы тізбектің жалғасы. Өйткені Қазақстан  Орталық Азия елдері үшін транзиттік мемлекет екені анық", - деді "PTC Holding" компаниясының Басқарма төрағасы Тимур Қарабаев. 

Құны 15-20 миллион доллар болатын жобаға Қазақстан мен Грузия тарапынан атсалысатын кәсіпкерлер өз үлесіне сәйкес қаржыландырады. Құрылыс жұмыстары биыл қыркүйекте басталып, мультимодальды терминалдың алғашқы желісі 2024 жылдың бірінші тоқсанында қолданысқа беріледі деп жоспарланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу