Путин 2030 жылға дейін орнын босатпайды

609

Владимир Путин наурыздағы президенттік сайлауға қатысады, ол жеңген жағдайда 2030 жылға дейін ел басқаратын болады. 

Путин 2030 жылға дейін орнын босатпайды Фото: ТАСС

Ал соңғы сауалнамалар көрсеткендей, Ресейде Путинді жақтаушылардың үлесі 80% құрайтынын ескерсек, сайлаудың нәтижесі қазірден белгілі, деп жазады inbusiness.kz.

Британдық Reuters агенттігімен анонимді түрде ақпаратпен бөліскен сұхбаттасушылар айтуынша, "Путиннің шешімі туралы жаңалық жылдам тарап, кеңесшілер қазір сайлау науқаны мен сайлауға дайындалуға кірісіп кеткен". 

"Шешім қабылданды, Путин президенттікке үміткер болады", — деді сұхбаттасушылардың бірі.

Владимир Путин өзінің сайлауға қатысу себебін соңғы 60 жылдағы елі үшін ең ауыр кезеңнен Ресейді өзі алып шығуы керек деген ұстанымымен түсіндіреді, делінген Reuters келтірген ақпаратта.

Ресейдегі тұрғындардың 80%-ы Путиннің саясатын мақұл көретінін ескерсек, алдағы сайлау тек міндетті мемлекеттік шара ғана және оның 2030 жылға дейін билік құратыны айдан анық.

Кремльдің саясатымен таныс тағы бір адам шешім қабылданғанын және Путиннің кеңесшілері оның сайлау науқанына қатысуға дайындалып жатқанын растады.

Ақпарат агенттігінің тағы үш сұхбаттасушысы шешімнің қабылданғанын растады: Путин сайлауға қатысады, деп жауап берді олар.

Атын атаудан жалтарған тағы бір шетелдік дипломатиялық дереккөз Ресей басшысының "жақында шешім қабылдағанын, ал хабарландыру көп ұзамай жасалатынын" айтты.

Ресей президенті қыркүйек айында президенттік сайлауға қатысу мүмкіндігі жайлы айтудан бас тартып, Парламентінің шешімін күтуді ұсынды.

"Бізде заңға сәйкес парламент жыл соңында шешім қабылдауы керек. Міне, шешім жарияланған кезде күні аталады, содан кейін көре жатармыз", — деді Путин 12 қыркүйекте Владивостоктағы Шығыс экономикалық форумының (ШЭФ) пленарлық отырысында.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Президент сайлауы наурыздың үшінші жексенбісінде өтеді — келесі жылы бұл күн 17 наурызға сәйкес келеді. Сайлауды Федерация кеңесі тағайындайды, содан кейін сайлау процесі басталады. Соңғы рет Путин 2017 жылдың 5 желтоқсанында президенттік науқанға қатысатынын жариялады.

Ресей басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 11 қыркүйекте президент сайлау күндері мен кандидатуралар тағайындалғаннан кейін шешім қабылдайтынын мәлімдеді. Песков та Путин 2024 жылғы президенттік сайлауға өз кандидатурасын ұсынса, оның жеңісіне шүбә келтірмейтінін жасырмады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу