19 қарашада Қытайда Си Цзиньпин, Трамп, Путин үшжақты кездесу өткізеді

1085

Бүгін Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы ұйымының саммиті басталды.

19 қарашада Қытайда Си Цзиньпин, Трамп, Путин үшжақты кездесу өткізеді Фото: kremlin.ru/Reuters

Шараны өткізетін Қытай тарапы құрметті меймандарды әуежайдан бастап жоғары деңгейде қарсы алды. Солардың бірі – Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатқан Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) форумының саммитінде Ресей президенті Владимир Путин сөз сөйледі. Ол әлемдік экономиканың қазіргі ахуалына, Азия елдерінің даму қарқынына және Ресейдің инвестициялық әлеуетіне қатысты пікірін айтты.

Азия әлемдік экономиканың жаңа орталығына айналды

Путиннің айтуынша, Азия-Тынық мұхиты аймағы жаһандық экономиканың негізгі орталықтарының бірі саналады. 

Өңірдегі елдер бұрынғыдай әлемдік өндірістің қосалқы алаңы емес, бүгінде инновациялар мен технологиялық дамудың жетекші күшіне айналды. 

Ресей президенті Азия мемлекеттерінің робот техникасы, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект салаларындағы жетістіктерін айтты. Сонымен қатар Ресей мен Қытай арасындағы сауда байланысына да тоқталды. 

"Біз Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Қытай Халық Республикасы арасындағы жан-жақты әрі көп қырлы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға ерекше назар аударамыз.  

Ауқымды жоспарлардың барлығын жүзеге асыру Ресей қатысатын сауда нарығының ауқымын бірнеше есеге ұлғайтып, оны шамамен 4 миллиард адамға дейін жеткізуге мүмкіндік береді", – деді Ресей президенті.

Ресей экономикасы туралы не айтты?

Путин Ресей экономикасы сыртқы қысым мен түрлі санкцияға қарамастан дамуын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Ол соңғы 3 жылда елдің жалпы ішкі өнімі 10 пайыздан асқанын, жұмыссыздық деңгейі 2,3 пайыз шамасында екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар Ресейдің сыртқы саудасындағы Азия-Тынық мұхиты аймағының үлесі 53 пайызға жеткенін айтты.

Саммит аясында қандай кездесулер өтеді?

Саммит аясында бүгін ең алдымен Қытай төрағасы Си Цзиньпин Владимир Путинмен екіжақты келіссөздер өткізеді.

Сондай-ақ 19 қарашада АҚШ президенті Дональд Трамп, Си Цзиньпин және Владимир Путиннің үшжақты кездесуі жоспарланған. Ал үшжақты жүздесу қарсаңында АҚШ Қытайдың жасанды интеллект чиптеріне жаңа шектеу енгізетінін жариялады.

Осыдан соң әлемдік қор нарығында құлдырау байқалды. Мәселенің мән-жайын халықаралық шолушымыз тарқатады.

18-19 қараша күндері Шэньчжэнь қаласында Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті аясында АҚШ, Қытай және Ресей басшыларының үшжақты кездесуі өтеді. Кездесу жергілікті уақыт бойынша 14:30-да басталады.

Күн тәртібінде ядролық қарусыздану, геосаяси қақтығыстар және жасанды интеллект мәселелері тұр.

Қытайдағы бас қосуда мемлекет басшылары, ең алдымен, ядролық басқару жүйелерінде жасанды интеллектіні қолдануды шектеу, чип жеткізілімі және жалпы жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне назар аудармақ.

Басқосуда талқылануы ықтимал мәселелердің бірі – Украинадағы қақтығысты реттеу жолдары. Кездесуде Дональд Трамп Владимир Путинмен соғысты аяқтау шарттарын және оны бейбіт жолмен шешу мәселелерін талқылауы мүмкін.

Дегенмен сарапшылар Украина басшысының кездесуге қатыспайтынын ескерсек, тараптардың нақты келісімге қол жеткізуі екіталай деп отыр. Бұл тұста барлық тарапқа ортақ негізгі тақырып жасанды интеллект болмақ.

Жалпы айтқанда, Ресей тарапы бұл кездесулерден оң нәтиже күтетінін мәлімдеді.

Биылғы форумға Азия-Тынық мұхиты өңірінің бірқатар мемлекеттерінің басшылары мен ірі компания өкілдері қатысып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу