Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Джо Байден 16 маусымға белгіленген кездесуді Женевадағы Ла Гранж вилласында өткізеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz Швейцарияның Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Швейцарияның СІМ саммит алаңы ретінде Женеваны таңдағаны үшін екі елге алғысын білдірді.
XVIII ғасырда салынған Ла Гранж вилласы Женева көлінің жағасындағы 21 гектарлық саябақтың ортасында орналасқан. Саябақ қала тұрғындарының сүйікті демалыс орны саналады. 1917 жылы вилла қаланың меншігіне өткен. Қазір ол жерде туристерге арналған экскурсиялар жүргізіледі.
Кремль бұған дейін хабарлағандай, алғашқы бетпе-бет кездесуде Ресей мен Құрама Штаттар басшылары Ресей-АҚШ қатынастарының жай-күйі мен одан әрі даму перспективаларын, стратегиялық тұрақтылық мәселелерін, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, коронавирустық пандемиямен күрестегі бірлескен шараларды талқылайды.
Табиғат Нұрболат