Ресей президенті Владимир Путин АҚШ Президенті Дональд Трамптың қорғаныс шығындарын екі есеге азайту туралы ұсынысын қолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.
"Біз АҚШ-пен келісімге келе алатын секілдіміз, біз бұған қарсы емеспіз. Меніңше, бұл жақсы идея. Егер АҚШ 50 пайызға қысқартса, біз де 50 пайызға қысқартамыз. Ал Қытай Халық Республикасына кейін қосылғысы келсе, біз бұл ұсынысты қолдаймыз. Осы мәселеге қатысты пікірталасқа дайынбыз", – деді Путин.
Осыған дейін Ақ үй басшысы Ресей және Қытаймен ядролық қаруды бақылау және үш елдің әскери бюджеттерін қысқарту мәселелері бойынша келіссөздер жүргізгісі келетінін мәлімдеген болатын. Дональд Трамптың сөзінше, бұл мемлекеттерге жаңа ядролық қару керек емес. Бұл салаға бағытталған қаржыны басқа дүниелерге жұмсаған әлдеқайда тиімді, деді ол.