Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы әскери іс-қимылдарға қатысты деп айыпталған АҚШ азаматы босатылғанын мәлімдеді. 74 жастағы Стивен Хаббард 2022 жылдың көктемінде ұсталып, төрт жылдан астам уақыт бойы қамауда отырған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Ресей басшысы Санкт-Петербург қаласында АҚШ-тың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен кездесті. Ол Стивен Хаббард "Пулково" әуежайында екенін хабарлады. Уиткофф Путинге АҚШ азаматын босатқаны үшін алғыс білдірді.
Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Путинмен Ресейде сотталған америкалықтың мәселесін талқылағанын айтты. АҚШ Мемлекеттік департаменті Хаббардты заңсыз ұсталған тұлға деп есептеп келді.
"Стивен көп ұзамай отбасымен қайта қауышады. Президент Трампқа деген құрметтің белгісі ретінде АҚШ-тан ештеңе талап етілмеді. Бұл – Ресейде бұрын-соңды болмаған жағдай", – деп жазды Ақ үй басшысы Truth Social әлеуметтік желісінде.
2024 жылы Мәскеу қалалық соты Стивен Хаббардты Украина жағында соғысқа қатысқаны үшін 6 жыл 10 айға бас бостандығынан айырды. Мичиган тумасы "қарулы қақтығысқа жалдамалы сарбаз ретінде қатысты" деп айыпталған. Стивен Хаббард бұрын мұғалім болған, ол шетелде ондаған жылдар бойы ағылшын тілінен сабақ берген.