Путин ҰҚШҰ-ны Украинаға қарсы соғысқа тартпақ – Украина ҰҚҚК

1864

Бұған дейін Мұхтар Тілеуберді ҰҚШҰ аясында қазақстандық әскердің Украинаға жөнелтілуі мүмкін еместігін мәлім еткен еді.

Путин ҰҚШҰ-ны Украинаға қарсы соғысқа тартпақ – Украина ҰҚҚК

Ресей Президенті Владимир Путиннің көздегені – басқа елдерді, атап айтқанда ҰҚШҰ-ға мүше елдерді Украинадағы қақтығысқа тарту. Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Алексей Данилов осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz УНИАН агенттігіне сілтеме жасап. 

"Путин ҰҚШҰ-ны, қырғыздарды, өзбектерді және басқа ұлттарды қақтығысқа тартқысы келеді. Бұл мүлдем қисынға келмейтін нәрсе", – деді Данилов.

Оның айтуынша, Ресей билігі қазір удмурттар мен якуттар тұратын Қиыр Шығыстан адамдарды жинамақ. 

Еске сала кетсек, РФ Президенті Владимир Путин Мемлекеттік Думаға ҰҚШҰ бітімгершілік қызметі туралы келісімге түзетулер енгізу туралы заң жобасын енгізді.

Құжат бойынша, БҰҰ аясындағы бітімгершілік операцияларында ҰҚШҰ күштерін "үйлестіруші мемлекет" арқылы пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. 

"Үйлестіруші мемлекет" – ұйымдастырушылық мәселелерді шешу және ұжымдық бітімгершілік күштердің БҰҰ операцияларына қатысуын қамтамасыз ету үшін арнайы кеңес құратын ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бірі.

БҰҰ Бас Ассамблеясы "Ресейдің әскерін Украинадан шығарылуын талап ететін" қарарды қабылдады. Оны 141 ел қолдап дауыс берді. Ресей, Беларусь, Сирия, КХДР және Эритрея қарсы болды.

ҰҚШҰ-ға мүше елдер, яғни Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Тәжікстан дауыс беруден бас тартты. Ескере кететін жайт, ҰҚШҰ құрамында 6 ел бар. Олар: Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Армения және Тәжікстан.

Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның Донецк және Луганск халық республикаларының егемендігін мойындауы туралы мәселе күн тәртібінде жоқ екенін айтқан болатын. Сонымен қатар ол ҰҚШҰ және Ресеймен арадағы әскери шарт аясында қазақстандық әскердің Украинаға жөнелтілуі мүмкін еместігін мәлім етті.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу