Путин ұсынған газ одағы құрылуы мүмкін бе?

564

Ресей президенті Путиннің екі елмен газ одағын құру ниетін Мәскеуге іссапармен барған президент Тоқаев Ресей премьер-министрі Мишустинмен 28 қараша күнгі кездесуде мәлімдеген. 

Путин ұсынған газ одағы құрылуы мүмкін бе? Фото: img4.eadaily.com

Ресей ұсынған "газ одағына" Қазақстан мен Өзбекстан халқы қарсылық көрсеткеніне қарамастан, РФ СІМ басшысының орынбасары бүгін екі ел Ресеймен газ одағын құру жөніндегі бірлескен іс-қимылдарға дайын екенін хабарлады, деп жазады Inbusiness.kz.

"Үштік газ одағын" құруға Ресей ғана емес, біздің әріптестеріміз — Қазақстан мен Өзбекстан да мүдделі. Осы саладағы өзара іс-қимыл қолда бар энергетикалық қажеттіліктерге, халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ету міндеттеріне байланысты айқын сұранысқа ие. Ресей серіктестері осы бағыттағы бірлескен іс-қимылдарға дайын", - деп атап өтті Галузин.

Соған қарағанда о баста мұндай ұсынысқа ресми түрде қарсы болған Өзбекстан өз ұстанымынан айныған болуы мүмкін. Естеріңізде болса, одақ туралы сыбыс енді шыға бастаған сәтте Өзбекстан Энергетика министрі Жүрабек Мырзамахмұдов "газды көршілерден қандай да бір одақ немесе ұйым арқылы емес, коммерциялық келісімшарт бойынша ғана импорттаймыз" деген болатын.

Ал Қазақстандық СІМ ұзақ уақыт ойланумен болды. Мәжіліс алаңында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко журналистердің үшжақты газ одағын құру мүмкіндігі туралы сұрақтарына:

"Оны талқылауға әлі ерте, өйткені әзірге бұл идея. Мемлекет басшысы бұл идеяны мұқият зерделеу керек екенін айтты", – деп жауап берді. 

Кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров әзірге газға қатысты жеке ұйым немесе мемлекетаралық одақ құру туралы мәселе көтеріліп жатқан жоқтығына сендірді. Ал Ресей шенеунігінің айтуынша, қазір аталмыш идеяны жүзеге асыру үшін "ешқандай маңызды кедергілер жоқ", тіпті,

осы бағытта сараптамалық деңгейде үлкен жүйелі жұмыс үш елдің құзыретті министрліктерінде жүргізіліп жатқан көрінеді.

"Өзбекстан Республикасының жобаға қатысуына келетін болсақ, [Ресей президенті Владимир] Путин 9 желтоқсанда Бішкекте өткен ЕАЭО Саммиті аяқталғаннан кейін баспасөз мәслихаты барысында энергетикалық альянсты құру жұмыстары басталғанын атап өтті", - деп түйіндеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу