Путин Зеленскиймен кездесу үшін Түркияға бара ма?

256

Кремль бұл сауалға әлі жауап бермей отыр. 

Путин Зеленскиймен кездесу үшін Түркияға бара ма? Фото: РБК

Украинада төртінші жылға ұласқан соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздер бұған дейін Киевте, Мәскеуде, әр-Риядта және Еуропа қалаларында өтті. Қазір басты назар – түріктің Ыстанбұлында. Мұнда мамырдың 15-де Украина мен Ресей делегаттары 2022 жылдан бері алғаш рет бетпе-бет кездесуі керек.

Президент Владимир Зеленский ресейлік әріптесімен тікелей сөйлесуге әзір. Алайда, Мәскеу Ыстанбұлға кімдерді аттандыратынын айтпады: сондықтан Владимир Путиннің баратыны немесе бармайтыны  белгісіз. Ол Түркияға жол тартпаса, Зеленский Ресейдің басқа өкілдерімен кездеспейтінін ескертті.

Түркияда кездесу идеясы қалай пайда болды?

Сенбі күні Ұлыбритания, Франция, Германия, Польша лидерлері Киевке барып, Зеленскиймен жүздесті. Атысты 30 күнге доғару туралы үндеу жасады. Содан кейін бұл жоспарды Еуропа одағы мен АҚШ президенті Дональд Трамп қолдады. Және де Батыс мемлекеттері Ресей ымыраға көнбесе, бірлесіп оған қарсы санкция жариялауға уағдаласты.

Әрине, Путин бұл ескертуді ультиматум деп қабылдады. Бірақ РФ жетекшісі "ешқандай шартсыз" Ыстанбұлда келіссөз жүргізуді ұсынды. Сөйте тұра, ол нақты кіммен жүздескісі келетінін ашық жарияламады.

Ыстанбұлға кімдер барады?

Ресей әзірге бұл сауалға нақты жауап берген жоқ. Трамп болса, Сауд Арабиясына, Қатарға, Біріккен Араб Әмірліктеріне сапарын аяқтағаннан кейін Ыстанбұлға ұшуға дайын екенін айтқанды. Бірақ, соңғы мәліметке қарағанда, Вашингтон Украина-Ресей келіссөздеріне мемлекеттік хатшы  Марко Рубио мен өзге де өкілдерін жіберетін болды.

Сейсенбі күні Зеленский мәлімдегендей, ол ең алдымен Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен Анкарада кездеседі. Сол шараға да Украина басшысы Путинді шақырды. Бірақ Ресей президенті Ыстанбұлды қаласа, Зеленский Ердоғанмен бірге Ыстанбұлға да аттануға дайын екенін хабарлады.

Ыстанбұлда 2022 жылғы келіссөздер немен аяқталып еді?

Кремль ертеңге жоспарланған кездесуді 2022 жылғы Ыстанбұл келіссөздерінің қайта жандануы деп сипаттап отыр. Естеріңізге сала кетсек, үш жыл бұрынғы диалог сәтсіз аяқталғаны белгілі. Сол кезде Мәскеу батыс елдері мен Киевті соғысты жалғастыруға ниетті деп айыптады.

Бірақ, Зеленскийдің сөзінше, ол басқосуда Ресей Украинаға Донбасстағы екі облысты – Донецк және Луганскті Мәскеудің қарамағына ресми түрде беру, өзін бейтарап ел деп жариялау, қарулы күштерінің санын айтарлықтай қысқарту, алыс қашықтыққа арналған қарудан бас тарту тәрізді талаптар қойған.

"Ешқандай келіссөздер болған жоқ" - деді 2022 жылы Зеленский.

Сол жылдың қыркүйегінде Ресей Украинаның  Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын заңсыз аннексиялағаннан кейін, Мәскеу Киевтің "жер-жердегі нақты жағдайды" мойындауы қажеттігін айта бастады.

Екі жақ соғысты тоқтату үшін қандай талаптар қойып отыр?

Путин былтыр мәлімдегендей, соғыс тоқтауы үшін Украина өзінің төрт облысынан бас тартып, Қырымды Ресейдікі деп мойындауы керек. Сонымен қатар, Кремль басшысы Киевтен ел армиясын қысқартуды, НАТО-ға кіру ниетімен қоштасуды талап етіп отыр.  Және де Путин батыс елдерінің санкциялары алынып тасталғанын қалайды.

Украина болса, Ресейге жер беруге қарсы және алып көршісінің болашақтағы агрессияларынан қорғану үшін өзіне қауіпсіздік кепілдігі берілуін талап етіп отыр.

Трамп болса, қызметіне кіріскелі, осы соғысты тоқтатуға көп дипломатиялық күш жұмсап, "Қырым Ресейдің құрамында қалады деп мәлімдеді. Сонымен қатар, ол Украинаның күндердің-күнінде НАТО-ға өтетініне күмән келтіргені бар.

Ұрыс даласында не болып жатыр?

Қазір екі жақ бұған дейін сан мың жауынгердің жанын қиған 1000- шақырымдық майдан шебінде жазғы шайқасқа әзірленіп жатыр. Вашингтондағы Соғысты зерттеу институтының дерегінше, Ресей үстемдігін сақтау үшін алдыңғы шептегі бөлімшелерге жаңа адамдарды көптеп тартуда.

2024 жылы Ресей армиясы баяу болса да алға жылжып, майдан шебінің бірнеше бөлігінде табысқа жетті. Бұған қоса, Путин наурызда мәлімдегендей, "Ресей әскері қақтығыс жүріп жатқан барлық жерлерде қарқын алып, стратегиялық инициативаны ұстап тұр". Зеленскийдің сөзінше, Ресей келіссөздерді кейінге қалдыра отырып, үлкен шабуылға әзірленіп жатыр.

Тағы бір айта кететін жайт, өткен айда Мәскеу украин күштерінен Ресейдің Курск облысы толық босатылғанын хабарлаған еді. Киев бұл ақпаратты растамай отыр. Дегенмен, Ресей солтүстіккореялық жауынгерлердің күшімен Курсктегі жауланған территориялардың басым бөлігін қайтарғаны мәлім.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу