Талдықорған қаласында марқұм Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр.
Төртінші айыпталушы, кәмелеттік жасқа жетпеген Думан Ысқақтан жауап алу басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сағат 21.00 шамасында мен үйде болған кезде көршім Тоқтаубаев Нұрбол звондапты. Мен оған қайта қоңырау шалдым. Ол маған кішкене ішімдік ішіп алғанын, көлік айдап беруін сұрады. Жасы үлкен болғаннан кейін сыйлап, "жақсы" деп айттым. Екеуміз Рысқұлов ауылынан Талғар қаласына түстік. Сосын ол Еламан деген досын апарып тастады. Нұрбол "Досымды және мені үйге апарып болған соң, сені таксиге отырғызып жіберемін" деп айтқан. Сөйтіп досын үйіне апарып, келе жатқан кезде Нұрбол Тоқтаубаев Шыңғыс Белғожаевқа хабарласты. Шыңғыс "Эйфория" кафесінде екенін айтты. Мен қайта береміз бе деп сұрағанымда, 15 минут отырып қайтамыз деді. Кафеге барсақ, онда Шыңғыс Белғожаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Равиль Сакиев, Абзал Шынасыл және маған таныс емес 2 қыз отырды. Арада 10-15 минут шамасында Нұрбол Тоқтаубаев біреумен сөйлесіп жүрген. Сосын маған келді де "Дархан деген досымды ұрып кетті. Барып қайтайықшы" деді", - деп жауап берді сотталушы Думан Ысқақ.
Оның айтуынша, "Қамажай" дүкеніне барғанда Қаржаубай Нұрымовты, Дархан Әскентайды, Шерзат Полат пен Нұрқанат Ғайыпбаевты көрген.
"Нұрбол Тоқтаубаев ақшасын төлеп берді. Сол кезде Дархан Әскентай оған ренжіп кетіп қалды. Сосын біз Дархан Әскентайдың артынан бардық. Ол "Мен негізі ақшаны төлегенмін" деді. Нұрбол оған "Жүр, қайтадан барамыз" деп айтты. Сол кезде олар сөйлесуге кетті. Мен көлікте отырдым. Видеодан қарасаңыздар, менің Қаржаубай ағамен сөйлескен кезім де бар. Мен одан мән-жайдың бәрін сұраған едім", - деді айыпталушы.
Думан Ысқақтың сөзінше, кейіннен оқиға орнына күдіктілер мен 2 қыз келген.
"Тарс еткен бір дыбыс шықты. Мен қорқып, көлікті артқа қарай жүргіздім. Шамамен 5-7 минут өткеннен кейін бе, нақты айта алмаймын, жанымнан бір көлік өтіп кетті. Мен Нұрбол сол көлікпен кетіп қалды деп ойладым. Өйткені тып-тыныш болып қалды. Сосын сол көліктің артынан жүріп отырдым. Басқа бір дүкенге бардық, сол жерде тоқтапты. Нұрболға "Үйге қайта берейікші" деп едім, "Қазір, күте тұр, ауылға шығамыз" деді. "Жақсы" деп отырдым. Сол кезде Абзал Шынасылдың пышақ сүртіп отырғанын көрдім. Көлікте мылтықтың тіреулі тұрғанын көрдім", - деді ол.
Айта кету керек, бұған дейін Шерзат ісіндегі үшінші сотталушы Азамат Тоқтаубаевтан жауап алынып жатқанын жазғанбыз. Тоқтаубаев Әскентай туралы өтірік айғақ бергенін айтты. Шерзаттың өліміне күдіктілердің арасында бұрын сотталғандар бар екенін хабарлаған едік.