Qarakesek лақап атымен танымал әншіге сот үкімі шықты

84

Ақтөбе қалалық сотында Qarakesek лақап атымен танымал әнші Омар Амантаевқа қатысты қылмыстық іс қаралды.  

Qarakesek лақап атымен танымал әншіге сот үкімі шықты Фото: Kazinform

Сот барысында ол өзіне тағылған айыпты толық мойындады, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Іс материалдарына сәйкес, Омар Амантаев психотропты зат – мефедронды тауып алып, оны өткізу мақсатынсыз сақтаған. 2025 жылғы 30 тамызда ол есірткілік масаң күйде көлік басқарғаны үшін ұсталып, тексеру кезінде одан жалпы салмағы 0,26 грамм болатын мефедрон тәркіленген. Кейін жүргізілген сараптама бұл заттың психотропты есірткі екенін растады.

Сот отырысында айыпталушы есірткіні бірнеше күн бұрын тауып алғанын, оны сату ниеті болмағанын айтып, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізді. Ол соттан айыппұл түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Алайда прокурор бұл ұсыныспен келіспей, қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін қоғамдық жұмысқа тарту жазасын сұрады.

Судьяның шешімімен Омар Амантаев Қылмыстық кодекстің 296-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасына кесілді. Қоғамдық жұмыстардың түрін жергілікті атқарушы орган белгілейді, ал оның орындалуын пробациялық қызмет бақылайды. Сонымен қатар сот әншіні психиатрдың бақылауында амбулаториялық әрі мәжбүрлі ем қабылдауға міндеттеді. Қоғамдық жұмыстан бас тартқан жағдайда, әрбір 4 сағат үшін 1 тәулікке қамау шарасы қолданылуы мүмкін.

Айта кетейік, сотталушының төрт баласы бар: үлкені 7 жаста, ал кенжесі бір жасқа енді толған. Ол бұған дейін наркологиялық немесе психиатриялық есепте тұрмаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу