Аукцион бірінші класты "Сәбит" асыл тұқымды мал шаруашылығында өткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Алғабас ауылында бүкіл Қазақстанның мал өсірушілері Qazaq Aqbas тұқымының ең үздік генетикасын сарапқа салды.
Шаруашылық бұқалары бүкіл ел бойынша қазақ ақбас тұқымының селекционерлеріне белгілі, өйткені Asyl Tulik компаниясы олардан ұрық алып, барлық өңірде қолдан ұрықтандыру үшін жоғары сапалы материал береді.
"Сәбит" ШҚ басшысы Ерболат Құрманғалиев былтыр байқауға қатысу үшін өзінің 4 бұқасын "Жаңа дала" көрмесіне әкелген еді. Солардың бірі "Қыран" лақап атты бұқасы кіші жас тобында жеңімпаз атанды. Сол көрмеде қазақтың ақбас тұқымды бұқаларының аукционы өтіп, Абай облысы "Дәурен" ШҚ-ның "Жойқын" бұқасы 6 млн теңгеге сатылған-ды.
Биылғы аукцион одан да қыза түсті. "Сәбит" ШҚ сатуға барлығы 11 бұқа қойған. Нәтижесінде "Нар" атты бұқа 12 млн 200 мың теңгеге сатылып, ең қымбат нәтижені тіркеді. Бұл – Qazaq Aqbas бағасының жаңа рекорды. Бастапқы бағасы 1,2 млн теңге болған еді.
– Іс-шараға қатысқан және қолдау көрсеткен барлық қонаққа, серіктестер мен ұйымдастырушыларға шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Болашақта мұндай аукциондар отандық селекцияның дамуына ықпал ете отырып, тұрақты түрде өткізіледі деп үміттенеміз, – деді Qazaq Aqbas республикалық палатасының атқарушы директоры Бақтияр Өтелбаев.
"Нар" бұқасы – 14 айлық, салмағы – 520 келі. Бұқа Аңқаты асыл тұқымды зауытынан шыққан Кактус бұқасының тұқымын жалғастырады.