ҚР Ұлттық банкі басқармасының 2018 жылғы 30 шілдедегі № 150 қаулысымен 2018 жылғы 31 шілдеден бастап қоса алғанда 2018 жылғы 28 қыркүйекке дейін Qazaq Banki АҚ-ның (бұдан әрі – банк) жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға, жеке тұлғалардың банк шоттарын ашуға лицензиясы тоқтатыла тұрады. Бұл туралы бас банктің баспасөз қызметі хабарлады.
"Бұл шешімді Ұлттық банк банктің банктік заңнама талаптарын жекелеген бұзушылықтарына қадағалаушылық реттеу шеңберінде және "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабының 1-тармағы в) және г) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша, төлем және аударым операциялары бойынша шарттық міндеттемелерді үнемі (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) тиісінше орындамау және үнемі (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) пруденциялық нормативтерді және (немесе) басқа сақталуы міндетті нормалар мен лимиттерді бұзғаны үшін қабылдады", - делінген бас банк таратқан хабарламада.
Лицензияны тоқтату жаңа депозиттерді тартуға және жеке тұлғалардың жаңа банк шоттарын ашуға қатысты. Банктің қолданыстағы депозиттері мен клиенттеріне қызмет көрсетуге қатысы жоқ.
Айта кетсек, 2018 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Qazaq Banki жеке тұлғаларының қабылданған депозиттерінің көлемі 22 млрд теңгені құрайды. Банктің жеке тұлғалардың депозиттік портфелінің үлесі банк жүйесі бойынша жеке тұлғалардың депозиттерінің жиынтық көлемінің 0,3%-ын құрайды.