"Qazaq Digital Mektebi" жобасы аясында жаңа цифрлық платформаларды іріктеу басталды

190

Оқу-ағарту министрлігі "Qazaq Digital Mektebi" жобасы шеңберінде оқушылардың білім сапасын арттыруға бағытталған отандық цифрлық платформаларды іріктеуде, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Qazaq Digital Mektebi" жобасы аясында жаңа цифрлық платформаларды іріктеу басталды Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Алматыға жұмыс сапары барысында IT-стартап жетекшілерімен кездесіп, ұлттық білім беру платформаларын қалыптастыру жайын талқылады.

Сонымен қатар, сала министрі геймификация мен жасанды интеллектіні сәтті қолданып жүрген Qalan математикалық платформасын жасаушылардың әзірлемелермен танысты.

Ведомство мұғалімдер мен оқушылардың цифрлық дағдыларын дамытуға және жасанды интеллектіні оқу процесіне тиімді интеграциялауға мүдделі.

"Qazaq Digital Mektebi" жобасының негізгі мақсаты- жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерді жасанды интеллект көмегімен оқыту.

Жоба аясында таңдалған жасанды интеллект көмегімен жасалған жаңа шешімдер оқушыларға материалды өз бетінше игеруге мүмкіндік беріп, оларды білімді белсенді тұтынушыға айналдыруы қажет.

"Біз қазір "Qazaq Digital Mektebi" жобасы аясында жасанды интеллект саласындағы жобаларды сұрыптап жатырмыз. Сондықтан түрлі отандық озық платформа жасаушылардың ұсыныстарын қарастыруға дайынбыз. Жобалар "Qazaq Digital Mektebi" жобасының мазмұнын байытып, оқушыларды білімді пассивті тұтынушы емес, белсенді игерушіге айналдыруы керек", – деді сала министрі Жұлдыз Сүлейменова.

Қазіргі уақытта министрлік жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы цифрлық даму бағытындағы заңнамаға түзетулер әзірлеуде. Топ құрамында IT-сарапшылар, мемлекеттік орган өкілдері мен тәуелсіз мамандар бар.

Олар биылғы жылдың бірінші жартысында білім беру саласындағы пилоттық жобалардың тиімділігін бағалап, заңнамалық және практикалық ұсыныстар әзірлейтін болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу