Qazaq oil гендерлік теңдікке қол жеткізу бастамасын қолдайды

284

Компания қызметкерлерінің 44 проценті – нәзік жандылар.

Qazaq oil гендерлік теңдікке қол жеткізу бастамасын қолдайды Фото: Qazaq oil

Qazaq oil өз қызметкерлеріне жұмыс орнында тең мүмкіндіктер мен құқықтарды ұсынуға мүдделі. Осыған орай компания Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік теңдікке қол жеткізу жөніндегі жаһандық бастамасына қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Qazaq oil компаниясында гендерлік теңдік қағидаттарын ұстану тек тренд қана емес, бірінші кезекте өз қызметкерлерінің алдындағы жауапкершілік екенін анық түсінеді. Бүгінде компания осы жаһандық бастаманың бір бөлігіне айналып, елімізде алғашқылардың бірі болып үн қосты.

"Бүгінде біздің компанияда 2 мыңға жуық нәзік жандар жұмыс істейді. Бұл біздің қызметкерлердің 44 %. Сондықтан бұл келісімшартқа қол қоюдың мән-маңызы зор. Осы арқылы біз жұмыс жағдайындағы теңдікке қол жеткізе аламыз десем болады", - деді "Qazaq oil" компаниясының бас директоры Төлеміс Шотанов.

Құжатта ер мен әйелдердің жалақы алшақтығын жою, әйелдердің жұмысқа араласуын қамтамасыз ету және әйелдерді жоғары лауазымдарға жеткізу мәселелері қамтылған. Жаһандық қозғалыстың бір бөлігіне айналған Qazaq oil гендерлік теңдікті сақтау бойынша ауқымды жұмыстар атқарып, мекемедегі әйелдердің әлеуметтік тұрғыда қорғалуын қамтамасыз етіп те үлгерген. Одан бөлек компания өз қызметкерлері үшін түрлі мүмкіндіктер ұсынады.

"Осы тұста айта кеткен жөн. Біздің компанияда әйел адамдар үшін біліктілігін арттырып, лауазымдық қызметтерге қол жеткізуіне толық мүмкіндік бар. Мәселен қазірдің өзінде азаматшаларымыздың 30 пайызы әр түрлі деңгейдегі менеджерлік қызметте. Арасында филиал директорлары мен маңызды департаментті басқарып отырғандары да бар", - деді "Qazaq oil" компаниясының бас директоры Төлеміс Шотанов.  

Еліміздегі экономикалық белсенді халықтың жартысы әйелдер екені белгілі. Соңғы жылдың өзінде жұмыспен қамтылған нәзік жандардың 5%-ға жуығы басшылық лауазымдарға ие болған. Бұл елімізде гендерлік теңдікке қол жеткізу ілгері басып келе жатқанын аңғартса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу