Компания осылайша елдегі су спортын дамытуға үлес қоспақ.
Су добы ел спортындағы жеткілікті түрде қаржыландырылмайтын бағыттың бірі. Соған қарамастан спорттың бұл түрі дамып, танымалдылығын арттырып келеді. Енді Qazaq Oil су спортының серпін алуына сеп болмақ. Компания басшылығы еліміздегі спорт мемлекет қаржысына ғана емес, бизнестің қолдауымен де қарқын алу керек деп санайды. Сондықтан жаңа бастамасын ұзақ мерзімді жобаға айналдыруды көздеп отыр.
"Біз үшін айтулы оқиға. Ұлттық чемпионаттың өзінің брендтелген добы болады. Мұндай кез-келген мемлекетке бұйырмайды. Өйткені доп өндірісінде белгілі бір талаптар бар. Біздің демеушілеріміз ұзақ мерзімге көз тастап, дұрыс қадамдар жасады. Жоба көптеген жылдарға жалғасады", - дейді ҚР Су спорты федерациясының президенті Андрей Крюков.
Доп ерлер, әйелдер және жасөспірімдер үшін әртүрлі мөлшерде жасалады. Өндірісте халықаралық стандарттар толығымен сақталған. Өндірушілер әлемдік деңгейдегі бұрынғы судағы поло ойыншылары. Кәсіпорын Алматыда орналасқан. Өнім басқа өңірлердегі су добы командаларына да беріледі. Жаңа доптың тұсаукесері ардагерлер мен чемпиондардың су полосынан резервтік командаға қарсы ойынында өтті.
"Демеушілік әрқашан жақсы нәрсе. Әсіресе кішкентай балалар мен жасөспірімдерге көрсетілген қолдау түбінде өз жемісін береді. Ал жас буынға демеу білдірмей есейгенде нәтиже күту орынсыз", - дейді Бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев.
Олимпиада чемпионы шамамен 10 жыл бұрын су полосына зейін қойыпты. Тіпті әуесқойлар арасындағы жарыстарға да қатысқан. Тұсаукесер ойынға Серік Сәпиев пен қатар тағы бір Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин қатысты. Айта кетейік, Qazaq Oil қазақстандық спортты дамытуға тұрақты қолдау білдіріп келеді. Басымдықты джиу-джитсу, бокс, үстел теннисі мен су спортына берген. Былтыр компания Бейжіңде өткен 13-қысқы Паралимпиада ойындарында да спортшыларға қолдау көрсеткен болатын.