Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті газ тасымалдаушы компанияның филиалы 2021-2023 жылдары тұтынушылардан заңсыз ақы алып келгенін хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
30 мыңнан астам абонент газға бастапқы қосылу, жабдықтарға қосу және есепке алу құрылғыларын пломбалау қызметтері үшін негізсіз ақы төлеген.
– Аталған әрекеттер "Табиғи монополиялар туралы" Заңның 26-бабының 2-тармағына қайшы келеді. Бұл заңбұзушылықты жою және тұтынушыларға қаражатты қайтару үшін департамент Қызылорда облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментіне ұсыныс жолдады. Филиал ұйғарыммен келіспей, сотқа талап-арыз түсіргенімен, сот шешімі бойынша Табиғи монополияларды реттеу департаментінің ұйғарымы заңды деп танылды, – делінген Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті таратқан ақпаратта.
Қазіргі уақытта заңсыз алынған қаражатты тұтынушыларға қайтару бағытында нақты жұмыстар атқарылып жатыр.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен компания Қызылорда филиалына 19,3 миллион теңге айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.