"QAZAQSTANDA JASALĞAN". Жаңа экономикалық ұлтшылдық қозғалыс құрылды

827

"Министрлерден бастап, барлық шенеунік отандық өндірістің дамуын ойлап жатқан жоқ. Керісінше кедергілер көп". Осылай деген бір топ кәсіпкер "Qazaqstanda Jasalğan" қозғалысы құрылғанын айтты.

"QAZAQSTANDA JASALĞAN". Жаңа экономикалық ұлтшылдық қозғалыс құрылды

Жаңадан құрылған қозғалыстың ақпаратына сенсек, аяқ киімнің 99 пайызы, тоқыма киімдер мен жейделердің 100 пайызы, ал, жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің 96 пайызы импортталады екен. 

Одан өзге, Қорғаныс министрлігі бізде шығарылатын әскери көліктің орнына, әрқайсысы 200 миллионға теңгеге қымбат шетелдікін сатып алған. Бұл бір ғана мысал. 

"Бюджет қаражаты есебінен қазақстандық кәсіпорындар шығарған кеңсе жиһаздарын сатып алуға тыйым салынды. Осының кесірінен біздің сала 11 пайызға құлдырады. Яғни, 4 мыңнан аса адам жұмыссыз қалды. Ал, "Жайлы мектеп" мемлекеттік бағдарламасы аясында 400 мектеп салынуы тиіс және оған жүздеген миллиард теңге бөлінген. Ал біз бұл бағдарламаға қатыса алмаймыз. Біздің шенеуніктер тек импорттаушылардың мүддесін қорғайды", дейді ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Қанат Ибраев.

"Qazaqstanda Jasalğan" деген атаумен құрылған жаңа экономикалық қозғалыс осы сынды мәселелерді шешумен айналыспақ. Яғни, отандық өндірушілердің бар проблемасын бір жерде жинақтап жоғарыға жеткізу. Тиісті заңдарға өзгеріс енгізуді ұсыну. Өйткені, қазіргі уақытта зауыт, фабрикалар тек 30 пайызға ғана жұмыс істеп тұрған көрінеді. Сұраныс көбейсе, жүктеме артып, ақша шетелге емес өзімізде қалар еді дейді, жиналғандар. 

"Бүгінгі болып жатқан көп нәрсемен келіспейміз. Біздің отандық кәсіпкерлер артқа қарай ысырылып, бізге мән бермей жатқан жөні бар. Қай салада болмасын басты мақсат - өзінің мүддесін қорғап, шығарған өнімінің сапасын жоғарылатып, көлемін ұлғайту", дейді "Қазақстан Автокөлік конвенті" қауымдастығының президенті Марат Берқалиев.

Жаңа қозғалыс құрамында негізінен қауымдастықтар мен бірлестер бар. Сөздеріне сенсек кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін 100 мыңнан астам қолдаушылары бар екен. Егер мәселе тиісті деңгейде шешілмейтін болса, партия құруды да жоспарлап отырған көрінеді. 

Арнат Дүйсен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу