Qazkom: банктің қаржылық жағдайы тұрақты

1340

Qazkom: банктің қаржылық жағдайы тұрақты

Qazkom-ның акционерлері мен топ-менеджерлері банктің дамуы мен оның қаржылық жағдайы тұрақты, ал өсу динамикасы позитивті деп есептейді. Бұл туралы ақпарат банк өкілдерінің ресми мәлімдемесінде жазылды, деп хабарлайды 7kun.kz.

"2016 жылғы 22 қарашада Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Президент елдің ең ірі әрі жүйе құрушы банкі ретінде Qazkom-ға үлкен қолдау көрсететінін айтқан болатын. Қазіргі күні экономикамыз үшін қиын уақытта Елбасының мұндай қолдауы бізге әрине бір жағынан күш-қуат берсе, екінші жағынан банк акционерлері мен басшылығына қосымша жауапкершілікті жүктейді" — делінген ресми мәлімдеде.

Сондай-ақ, банк өз аты мен абыройын жоғары бағалайтынын, сол себепті жалған ақпарат тараса оны барлық заңды тәсілдерімен қорғайтынын мәлімдеді.

"Біз орыс тілінде берілген сұхбаттан "санация" сөзін жұлып алып, кейбір БАҚ-та және әлеуметтік желілерде алыпқашпа әңгіменің таратылуына жол бермейміз. Осы тұрғыда атап айтатынымыз, реттеуші орган Qazkom-ға қарсы шектеу қоятын қандай да бір шара қолданған емес. Банк Ұлттық банктің барлық пруденциялық нормативтерін орындауда. Ал мемлекет басшысының банкті және жалпы банк секторын сауықтыру жөніндегі әңгімесі бойынша айтарымыз, Qazkom және басқа да ірі қаржы институттары Ұлттық банк пен Қазақстанның қаржыгерлер ассоциациясымен бірлесе отырып, жұмыс істемейтін банктік активтерді оңалту мен экономиканы несиелеуді жандандыру бойынша ынталандыру шараларын әзірлеуде", — деп жазылған хабарламада.

Бұдан бөлек, хабарламада осы жылдың мамырында банк 2020 жылға дейінгі дамудың жаңа стратегиясын ұсынғаны туралы айтылған.

"Бұл қарқынды жұмыстар қазірдің өзінде өзінің нәтижесін көрсете бастады:екінші жартыжылдықта банктің активі 339 млрд теңгеге өсті; салымдар 406 млрд теңгеге ұлғайды;2016 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша таза пайда 80 млрд теңгеден асып кетті, ал жыл соңында біз соңғы 10 жылдықтағы рекордтық көрсеткішке қол жеткіземіз – шамасы 100 млрд теңге. Бұл жалпы банк секторында ең үздік көрсеткіштердің бірі болмақ", – делінген хабарламада.

Банк өкілдері дамудың өсу динамикасын Standard&Poor’s кредиттік рейтингтерінің көрсеткіштерінен де көруге болатынын, бір ай бұрын агенттік банктің рейтингісін "ССС+"-тан "В-" дейін көтергенін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу