Өткен жылы елімізде 132,7 мың тонна рафинадталған, 190,1 мың тонна рафинадталмаған сұйық май өндірілді, деп хабарлады Energyprom.kz.
Бұл 2018 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 8,8% және 33,8%-ға жоғары.
Жалпы рафинадталған май өндірісінің үштен екі бөлігі мен рафинадталмағанның 85%-ы Шығыс Қазақстан облысына тиесілі. Аталған өңірде "Май" АҚ, "Шығысауылшаруашылықөнім"ЖШС, "Өскемен Май зауыты" ЖШС сынды ірі кәсіпорындар бар.
Қазақстандық өндірушілер нарықтағы сұранысты қанағаттандырып келеді. Өткен жылдың он бір айының қорытындысы бойынша отандық кәсіпорындар еліміздегі сұйық май қажеттігінің 73,3%-ын қамтыған. Сонымен қатар елімізде өндіріспен қатар экспорттың көлемі де 27,8%-ға, яғни 72,5 мың тоннаға артқан.
Биылғы жылдың қаңтарындағы көрсеткіштерге сүйенсек Қазақстандағы сұйық майдың бағасы 433,2 теңгеге ұрақтаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,5%-ға жоғары. Ал аталған өнімнің бағасы ең жоғары өңір Ақтау, Нұр-Сұлтан мен Атырау қалалары.