Алматыда қаңтардың 23-і мен 27-і аралығында мамандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебінде 16-17 жасар қыздар арасында Қазақстан чемпионаты өтті, деп хабарлайды prosports.kz.
Бұл жарысқа AIBA ережелерімен бекітілген 10 салмақ дәрежесі бойынша Қазақстанның 11 аумағынан келген 92 спортшы қатысты.
"Қазақстанда қыздар арасындағы бокс жақсы дамып келеді. Ақтық сынға өте мықтылар шығып, чемпиондық атаққа таласты. Алдағы уақытта олар жастар арасындағы әлем және Азия чемпионаттарында, Аргентинадағы Олимпиада ойындарында өнер көрсететін болады", - деді халықаралық дәрежедегі AIBA төрешісі Рахымжан Сыдықов.
Өте қызықты әрі жоғары деңгейде өткен жарыстың қорытындысы бойынша өз салмағында Анель Құдайберген (48 кг), Жансая Абдраймова (51 кг), Айзада Еслямғали (54 кг), Еркежан Даулетжанқызы (57 кг), Мария Гладкова (60 кг), Зарина Халилулла (64 кг), Мая Бейсебаева (69 кг), Надежда Рябец (75 кг), Гулсая Ержан (81 кг) және Дина Исламбекова (+81 кг) жеңіске жетті.
- Финалдық кездесу өте қиын өтті. Алайда мен осыған арнайы дайындалып, жақсы нәтиже көрсете білдім деп ойлаймын. Осының бәрі бапкерлерімнің арқасы. Оларға және ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Ендігі арманым Олимпиада ойындары - деп жеңімпаздардың бірі Еркежан Даулетжанқызы өз ойымен бөлісті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом және медальмен марапатталды. Оларды құттықтауға арнайы Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов бастаған спорт қайраткерлері мен ардагерлері келді.
Сонымен қатар, Карина Айзахметова, Балжан Асқар, Жұлдыз Тойкова (Жеңіске деген жігері үшін), Жансая Абдраймова және Гүлсая Ержан (Үздік боксшы), Натаья Цой, Данара Ахметова, Асел Шанашова, Ержан Оспанбаев (Үздік төреші) номинациялары бойынша диплом және кубоктарға ие болды.