Райымбек ауданында арзан несиеге қол жеткізу жолдары түсіндірілді

1249

Райымбек ауданында арзан несиеге қол жеткізу жолдары түсіндірілді

Алматы облысы Райымбек ауданы шалғайда орналасқандықтан, кәсіпкерлер несие ала алмай және мемлекеттік бағдарламаларға қатыса алмай отыр.

Кәсіпкерлік саласындағы мәселелер Райымбек ауданы Аудандық кәсіпкерлер кеңесінің кезекті отырысында қаралды. Кеңес хатшысы, Аудандық палата директоры Жанна Қырғызалықызы 23 ауылдық округті аралағаннан кейін, түйген ойларымен бөлісті.4 "Біздің ауданның шалғайда орналасуына байланысты барлық кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламаға қатысу ережелері мен тәртібін түсіндіру шараларын өткізу қажет. Ақпараттың жеткіліксіздігінен көптеген кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана алмай келеді. Сондай-ақ, кей жерлерде субсидия беру мәселесі де қиын соғып отыр", – деді Ж.Қырғызалықызы.

Субсидия тақырыбын Кеңес мүшесі, кәсіпкер Серік Мәсімбаев жалғастырды. Қаржыға қол жеткізу ақпараттың жоқтығынан және мемлекеттік органдар тарапынан өтінімдерді қарау мерзімін негізсіз созу салдарынан мүмкін болмай отырғанын тілге тиек етті.

Аудандық кеңес мүшесі Мейірбек Тұрлығожаевтың пікірінше, несие мәселесіне байланысты шешім шығару үшін, микроқаржы ұйымын құрып, микронесиелеу бағдарламасы бойынша арнайы бағдарлама жасау қажет.

"Райымбек ауданы – облыстағы ең шалғай жатқан аудан. Ол жерде тек екінші деңгейдегі бір банк қана жұмыс істейді. Оның өзі тек бөлімше. Қаржылық және басқа да операциялар өткізу үшін бізге Алматыға немесе облыс орталығына бару керек. Сонымен қатар, тұрғындардың негізгі бөлігі ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, екінші деңгейлі банктер несие беруден бас тартады не кепілді өте арзан бағалайды. Ауылдағы бизнесті дамыту үшін, арзан және қолжетімді несиелер керек", – деді ол.

Аталған мәселені кәсіпкерлер бірінші рет көтеріп отырған жоқ, алайда мәселе тиісті деңгейде шешілмей жатыр.

Аудандық кеңес төрағасы, Райымбек ауданының кәсіпкері Талғат Нүсіпқожаев  бизнестің ағымдағы және жүйелік мәселелерін шешуге Кеңес те атсалысу керектігіне назар аударды.

"Бизнесті қорғау және қолдау, әкімшілік кедергілерді төмендетуге қатысты мәселелер туралы үнемі айтып отыруымыз қажет және оларды шешу үшін өз ұсыныстарымызды енгізуіміз керек. Себебі, біз, мол тәжірибелі кәсіпкерлер ретінде бұл мәселені жақсы білеміз", – деді Т.Нүсіпқожаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу