"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Райымбек Баталов отандық кәсіпкерлік саласы алдындағы басты мәселені атады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Жақында Премьер-министрдің қатысуымен өткен шағын және орта бизнес форумында жер мәселесі талқыланған басты 3 мәселенің қатарына енді. Мемлекет басшысы жерге инвестиция құйған фермерлерден жерді алып қою мәселесі туындамауы керек деп бірнеше рет айтты. Бүгінде жер мәселесіне қатысты 100-ден астам арыз-шағым тіркелді. Біз бұл мәселені Бас прокуратурамен талқылаймыз және вице-премьер Серік Жұманғарин деңгейінде қолдау табады", – деді Райымбек Баталов елордада бизнес қауымдастықпен өткен кездесу барысында.
Оның айтуынша, кәсіпкерлердің мәселесін құзырлы органдар мен ұлттық палатаның бірлесіп қарастыруы оңтайлы қадам.
"Жыл бойы өңірлік палаталар қала әкімдігімен бірлесіп, бұрын көтерілген проблемалық мәселелерді пысықтап жатыр. Өткен жылы 50-ден астам мәселені жүйелеп, шешу мүмкіндігі туды. Дегенмен тез әрекет ету керек проблемалар шығып жатады. Бүгінгідей кездесулер мемлекеттік органдар мен әкімдіктің аралық қорытындылар шығаруы үшін маңызды. Елорда әкімінің жеке қатысуы бизнеске қатысты мәселелерді шешуді жеделдетеді", – дейді ол.