"Рақмет саған, Ахмет!": Дағыстандық донор Алматыда өзі құтқарған баламен алғаш рет жүздесті

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.  

"Рақмет саған, Ахмет!": Дағыстандық донор Алматыда өзі құтқарған баламен алғаш рет жүздесті Фото: ҚР ДСМ баспасөз қызметі

Үш жыл бұрын 7 жастағы Абдуллаға өмір сыйлаған донор Дағыстаннан арнайы келді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оқиғаның басы 3 жыл әріде жатыр. Небәрі 3,5 жастағы балаға дәрігерлер "апластикалық анемия" деген ауыр диагноз қойған еді. Мұндай дертке шалдыққан адамның сүйек кемігі өмірге қажетті қан жасушаларын өндіруді тоқтатып қояды. Баланы аман алып қалудың жалғыз жолы – сүйек кемігін ауыстырып салу.

Үйлесімді донорды әуелі баланың туыстарының арасынан іздеген. Десе де, бауырына жасалған HLA-типтеу нәтиже бермей, іздеу аясын кеңейтуге тура келеді. 

– Донор Ресейден табылды. Кейін гемопоэздік дің жасушаларын аллогендік трансплантаттау жасалды. Арада 3 жыл өтті, баланың жағдайы – қанағаттанарлық, – дейді трансплантаттау бөлімшесінің меңгерушісі Ерғали Сәрсекбаев.

Операция 2023 жылдың сәуірінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында жасалған. Қызығы, донор да, реципиент те түп-тамыры бір Дағыстаннан болғанымен, екеуі екі бөлек елде тұрады.

Бүгінде Абдулла есімді бүлдіршін 7 жаста, мектепке барып, бірінші сыныпты аяқтады, құрбыларымен ойнап, армандап, балалықтың қызығын көріп жүр. Кездесу кезінде Ахмет пен кішкентай Абдулла әуелі салмақты қол алысып, сосын барып құшақтасты. Ал баланың анасы қуанышын жасыра алмай, көзіне жас алды.

– Рақмет саған, Ахмет! Көп-көп рақмет! – деді Абдулла өзін құтқарған, генетикалық жағынан ең жақын адамын құшақтап.

30 жастағы Ахмет Абдуллаев болса, ерлікті өзінен емес, дәрігерлерден көреді.

– Нағыз батырлар – осы кездесуге себеп болған дәрігерлер. Дағыстанда да, Қазақстанда да еңбек еткен мамандарға алғысым шексіз. Мен тек себепкер болдым. Алла мені осы балаға көмектесу үшін таңдады, – деді донор.

Жаза кеткен жөн, мұндай операциялар саны жылдан-жылға артып келеді. Балалар онкологиясы мен гематологиясы республикалық орталығының басшысы Гүлнара Әбділованың мәліметінше, 2025 жылы орталықта 2500-ден астам бала ем алып, барлығы 58 трансплантация жасалған. Оның 18-і – аутологиялық, 8-і – гаплоидентті, 31-і – аллогендік трансплантаттау. Тағы 12 операция туыстық байланысы жоқ донорлардың көмегімен жүзеге асқан.

Ұйымдастырушылар мұндай кездесулер арқылы сүйек кемігі донорлығының маңызына қоғам назарын аударып, ауыр науқастарға өмір сыйлай алатын Ұлттық донорлар тіркелімін дамытуға қолдау көрсетпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу