Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов денсаулық сақтау министрлігінің қаржы қысқарту мәселесімен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, ведомство онкология, гемодиализ, паллиативті көмекке бөлінетін қаражатты негізсіз қысқартып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Azattyq Rýhy ақпарат порталына сілтеме жасап.
"Өлім деңгейі ең жоғары болып, жылда жаман аурумен ауыратындар саны өсіп жатқан, маммографтардың 40 пайызы, эндоскоптардың 47 пайызы ескі болса, сәулемен емдеу тек қана 37 пайыз болса, проблемалар ушығып тұрса, біз неге осы шығындарды азайтуымыз керек деген үлкен сұрақ туындайды. Сол себепті біз бұл мәселені көтеріп жатырмыз және тиісті түзету беріп жатырмыз. Бұған жол бермеу керек", - деді халық қалаулысы.
Аймағамбетовтың айтуынша, егер денсаулық сақтау саласына қосымша қаражат керек болса, ведомство ақшаны басқа жерден іздеуі керек.
"Ең алдымен өздерінің хаттамаларын қайта қарауы керек. Өйткені бізде керек емес, қаптаған анализдер көп. Порталға қояр кезде анализ тапсырады, барғанда тағы анализ, жатқанда тағы анализ. Оның бәрі ақша емес пе? Тіпті қазір біздің қолымызда Жоғары аудиторлық палатаның ақпараты бар. Мысалы аспириннің ең жоғары бағасын белгілегенде, Ресейдегі бағамен салыстырғанда бізде үш есе жоғары дейді. Сол себепті біз ақшаны тиімсіз қарастырылған бағыттардан алуымыз керек. Дәрі-дәрмектің қымбат бағасын төмендетіп, керек емес зерттеулерді азайтып, министрліктің ішіндегі қажет емес шығындарды да қысқартуымыз керек. Сол арқылы жарты триллион теңгеге дейін ақша табуға болады", - дейді ол.