Әдет қалмайды: Рақымшылықпен босап шыққан әйел қайта 3 жылға сотталды

965

Жазасын өтеу кезінде қайта қылмыс жасағаны үшін оған рақымшылық заңсыз қолданылғаны анықталды.  

Әдет қалмайды: Рақымшылықпен босап шыққан әйел қайта 3 жылға сотталды Фото: media.az

Қарағанды облысының тұрғыны бұған дейін алаяқтық жасағаны үшін сотталғанына қарамастан, жазасын өтеу кезеңінде қайтадан алаяқтыққа жол берген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол Instagram әлеуметтік желісінде әйелдер киімін сату туралы хабарландыру орналастырып, азаматтардан алдын ала төлем алған. Алайда тауарды жеткізбей, түскен қаражатты өз қажеттілігіне жұмсаған.

Теміртау қалалық сотының үкімімен әйел алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған.

Кейін апелляциялық сатыдағы сот оған "Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" Заңды қолданып, жазаны 2 жыл 4 айға дейін қысқартқан.

Алайда сот актілерін тексеру барысында рақымшылықтың заң талаптарына қайшы қолданылғаны анықталды. Заңға сәйкес, жазасын өтеу барысында қасақана қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қолдануға тыйым салынады.

Бас прокуратураның наразылығы негізінде рақымшылық қолдану туралы сот шешімінің күші жойылды.

Нәтижесінде сотталған әйелге бастапқы үкім бойынша 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қайта тағайындалды.

Айта кетейік, рақымшылық – гуманизм актісі. Алайда ол жазасын өтеу кезінде қайтадан қасақана қылмыс жасаған адамдарды жауаптылықтан босатпайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу