Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" ҚР Заңының жобасы жұмысқа алынды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес өз бастамасымен Парламент Мәжілісінің қарауына "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы" заң жобасын енгізді. Бұл рақымшылық шарасы заң бұзған азаматтарға қатысты ізгілік актісі, мемлекет тарапынан мейірімділік пен сенім білдірудің көрінісі болып саналады.
"Осы жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойын атап өтуде. Республика Конституциясы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын ең қымбат қазына деп жариялайды. Гуманизм қағидатының бір көрінісі оған сәйкес рақымшылық жасау актін қолданатын заңды қабылдау болып табылады. Заң жобасына сәйкес, азаматтардың әлеуметтік әлсіз топтары, соның ішінде кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған немесе мүгедек балалары бар әйелдер, мүгедектер, қарт адамдар, сондай-ақ ауыр емес қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағандар қылмыстық жазадан босатылады", – деді жалпы отырыста Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Атап айтқанда, Заң жобасымен рақымшылық жасалатын адамдардың шеңбері, сонымен қатар рақымшылық жасау акті қолданылмайтын субъектілер анықталады. Жазаның өтелмеген бөлігі айыппұлмен немесе бостандығын шектеумен алмастырылады немесе қысқартылады.
"Мұнымен қоса, заң жобасында рақымшылық жасауды қолдану шарттары көрсетілген. Заң жобасына сәйкес, заңды орындауды оның қолданысқа ену күнінен бастап алты ай ішінде жүргізу болжанып отыр", – деді депутат.