Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев 2025 жылы сот төрелігін жүзеге асыру қорытындыларына арналған жоғары сот органының кеңейтілген кеңесін өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Кеңес жұмысына Президенттің құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаев, Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов, Жоғарғы Соттың сот алқалары мен Сот әкімшілігінің, кассациялық, облыстық және оларға теңестірілген соттардың басшылығы, сондай-ақ республика судьялары бейнебайланыс форматында қатысты. Кеңесте Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары Нұрсерік Шәріпов, Назгүл Рахметуллина, Аслан Түкиев, сондай-ақ Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров баяндама жасады.
Жоғарғы Сот Төрағасы өтіп бара жатқан жылдың басты оқиғасы ретінде Президенттің тапсырмасымен дербес кассациялық сатының құрылғанын атап өтті.
Жұмыстың алғашқы бес айында кассациялық соттар 14 мыңнан астам шағым мен наразылықты тіркеген. Ал жылдың бірінші жартыжылдығында Жоғарғы Сотқа 9,7 мың кассациялық өтінішхат келіп түскен.
Өтініштер санының 45%-ға өсуі кассациялық қайта қараудың жаңа моделіне жоғары сенім бар екенін және оның практикалық маңызын айқындайды.
Биыл сот актілерін түзету үлесі едәуір артқан. Мәселен, азаматтық істер бойынша – 3%-дан 18,5%-ға дейін, қылмыстық істер бойынша – 8%-дан 29%-ға дейін өсті.
Әкімшілік істер бойынша қайта қарау көрсеткіші тұрақты көрсеткішті сақтап қалған. (17%-дан 15,5 %-ға төмендеді).
Жиында кассациялық сатының азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау жөніндегі конституциялық кепілдіктерді іске асырудағы шешуші рөлі де атап өтілді.
Асламбек Мерғалиев талап қоюлар мен материалдар санының – 27%-ға 1,3 млн-нан 1,6 млн-ға дейін артқанын атап өтті.
Аяқталған істер санының көбеюі және талап қоюдың көңіл көншітерлік деңгейінің жоғары болуы сот жүйесінің сұранысқа ие екенін және даулардың уақтылы шешілетінін көрсетіп отыр.
"Қаралған 276 мың медиабельді істің 46,3 пайызы баламалы тәсілдермен реттелді. 266 мыңнан астам іс жеңілдетілген тәртіппен қаралды. Қылмыстық сот ісін жүргізуде жеке айыптау істерін есепке алмағанда, ақтау үкімдерінің саны 30%-ға (109-дан 142-ге дейін) артты. Бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды қолдану, соның ішінде түзеу және қоғамдық жұмыстар, шартты соттау кеңінен қолданылды. Рақымшылық жасау аясында 338 адам жазадан босатылды, 5 мыңнан астам сотталғанға қатысты жаза қолданылмады, 8,6 мың адамның жаза мерзімі қысқартылды", – делінген Жоғарғы соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Қамауда ұстауға санкция беру туралы өтінішхаттардың үлесі де азайған. 2025 жылы мұндай өтінішхаттардың 62,5%-ы қолдау тапты (2024 жылы –74,5% болған).
Сонымен қатар үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану 81 пайызға артқан. Электрондық білезіктер 2 110 адамға қолданылды (2024 жылы – 954).
Жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыру туралы өтінішхаттарды қабылдау – 30,9%-дан 38,9%-ға, шартты түрде мерзімінен бұрын босату бойынша – 52,9%-дан 53,9%-ға өскен.
Әкімшілік талап қоюлардың жалпы саны артқанымен (30 мыңнан 32 мыңға дейін), даулардың жекелеген санаттары бойынша мемлекеттік сатып алулар, бәсекелестікті қорғау және өзге де салалардағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты олардың азаюы байқалады.