Қайырымдылық эстафетасы аясында 120 мұқтаж отбасыға азық-түлік таратылды, деп хабарлайды Aktobenews.kz.
Елордадағы "Әзірет Сұлтан" мешітінен бастау алған "Рамазан керуені" Ақтөбе өңірінде жалғасын тапты. Игілікті шарада жеке кәсіпкер Ардақ Садақбайұлы тағы бір сәт жомарттығын танытты. Бірнеше күн бұрын 40 адамға миллион теңге үлестірген кәсіпкер енді 120 отбасыға азық-түлік алуға демеушілік жасады. Сауапты іске атсалысуға ниет еткен отызға жуық автокөлік жүргізушілері алдын-ала жасалған тізім бойынша азық-түлікті мұқтаж отбасылардың үйіне жеткізіп берді.
"Елордамыздан басталып, Ақтөбеде жалғасқан "Рамазан керуені" өзге өңірлерге сәтімен жол тартады деген ниеттеміз",– деді облыстың бас имамы Төлеби Оспан.