Көлемі 4×3 метрлік панноны құрастыруға үзіліссіз 10 сағат жұмсалған. Нәтижесінде, тәуелсіз Қазақстанның символына айналған Елтаңбаның дәлме-дәл, пиксельді бейнесі әзірленді.
Спидкубинг чемпионы және Kazakhstan Speedcubing Federation ұйымының жетекшісі Әлихан Ертұрсынның айтуынша, мұндай жобалар аса жоғары зейін мен команданың үйлесімді жұмыс істеуін талап етеді.
"Эскиз жасау үшін арнайы компьютерлік бағдарлама көмегімен Елтаңбаның пиксельді үлгісін әзірлеп, оны бөліктерге бөлдік. Мұндай ауқымды дүниені құрастыру үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Алайда бұл біздің алғашқы тәжірибеміз емес. Елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше әрі әсерлі туынды сыйлай алғанымызды мақтан тұтамыз. Жалпы, Рубик текшесі – ақыл-ойды, моториканы, қимыл-қозғалысты үйлестіруге және барынша зейінді болуға арналған таптырмас жаттығу құралы", – деді Ә. Ертұрсын.
Сонымен бірге, бүгін қала көшелері мен қоғамдық орындарында тұрғындарға мемлекеттік рәміздер тақырыбындағы викториналық сұрақтар қойылып, белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтар беріледі.