Шешенстан Ақтаудағы әуе апатынан аман қалған бортсеріктерді марапаттамақ. Бұл туралы Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Аман қалған экипаж мүшелері "Шешенстан Республикасына сіңірген еңбегі үшін" медалімен марапатталады.
"Зульфугар Асадов пен Айдан Рагимли ерекше ерлік пен жоғары кәсібилік көрсеткені үшін "Шешенстан Республикасына сіңірген еңбегі үшін" медаліне ұсынылды", – деп жазды Қадыров.
Оның сөзінше, Грозныйда апаттан қаза тапқандарды еске алу үшін ескерткіш тақта орнатылады.
Айта кету керек, 2024 жылдың 25 желтоқсанында Ақтау маңында ұшақ апатқа ұшырағанын жазғанбыз. Әуе кемесі Бакуден Грозныйға бет алған. Ұшақта 67 адам болған, оның 5-еуі – экипаж мүшесі, 38 адам қаза тапты және 29 адам аман қалды. Оның ішінде Қазақстанның 6 азаматы көз жұмды.