"Реанимациялық төсектің біреуі де бос емес"

662

Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Күн сайын коронавирустық инфекцияның 1300-ден астам жағдайы тіркеледі. "Дельта" штаммы жылдам жұғып, адам ағзасына ауыр әсер етеді. 

"Реанимациялық төсектің біреуі де бос емес"

Бір жарым жылдан астам уақыт бойы COVID-19-бен күресіп келе жатқан елордалық дәрігерлер ауруханадағы жағдайды көрсетті, деп хабарлайды inbusiness.kz әкімдік сайтына сілтеме жасап. 

Кадрлардың бірінде әрең дем алып жатқан ер адамның кеудесі көрсетілген. Пациенттің өздігінен дем ала алмай, арнайы аппаратқа қосылғанын көруге болады.

Зейнеткер Мәдина Сыздықова жұбайымен бірге босаңсып, қауіпті вирусты ұмытып кеткенін мойындады.

"Жұбайым екеуміз қауіпсіздік шараларын сақтап жүргенде бәрі жақсы болатын. Құрметті азаматтар! Мен сіздерді коронавируспен ауырған адам ретінде бұл ауруға жүрдім-бардым қарауға болмайтынын ескертемін. Вирустық инфекция өте қауіпті. Қорқатындай-ақ қауіпті! Енді жұбайым екеуіміз ем алып, осы ауруханада жатырмыз", — деп қорытындылады 68 жастағы Мадина С.

Инфекциялық стационарға қайта бейінделген Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының инфекционист дәрігері Айнұр Омарова қала тұрғындарына үндеу жолдап, инфекцияның қауіптілігін еске салды.

"Жағдайдың ауыр екенін алдыңғы шепте күресіп жүрген бізден естігендеріңізді қалаймын. Ауыр науқастар көп, реанимациялық төсектің біреуі де бос емес. Індет жұқтырған балалар көп. Өз денсаулығыңды, өзгелердің денсаулығын қорғаудың жолы — санитарлық нормаларды сақтау және вакцинация. Вакцинация ғана аурудың ауыр күйінен және ИВЛ аппаратынан қорғайды. Вакцинация сізді де, айналаңыздағы жандарды да сақтайды", — дейді дәрігер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу