Қазақстан аумағынан тыс жалпы 61 елде 73 сайлау учаскесі құрылды. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазақстан аумағынан тыс 62 елде 74 учаске құрылды. Алайда бүгін ғана Сыртқы істер министрлігімен консультация жүргізіп, әріптестерімізден Ливандағы бір учаске ашық болмайтыны туралы ақпарат түсті. Бұл елде кең ауқымды әскери қимылдар жүріп жатқаны белгілі. Жағдай өте ауыр. Азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығына қауіп келтіруге болмайды. Сондықтан да 61 елде 73 учаске болады. Онда учаскелік комиссиялар құрылады. Олар заңға сәйкес қызметін жүзеге асыратын болады", - деді спикер тілшілердің сауалына берген жауабында.
Айта кететіні, 6 қазан күні АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум өтеді.