Референдумда 12 миллионнан астам азаматтың дауыс беру құқығы бар

104

Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының отырысында комиссия мүшесі Азамат Айманақұлов мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Референдумда 12 миллионнан астам азаматтың дауыс беру құқығы бар Фото: centeraktiv.kz

Конституция жобасына қатысты республикалық референдум күні еліміз бойынша 10 413 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. 

Оның айтуынша, дауыс беру учаскелерінің 9 779-ы азаматтардың тұрғылықты жері бойынша, ал 634-і уақытша болу орындарында құрылған. Сондай-ақ 64 шет мемлекет аумағында 82 учаске ашылады. Референдум комиссиялары құрамында барлығы 71 044 адам жұмыс істейді.

2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша дауыс беруге құқығы бар азаматтардың тізіміне тұрақты тіркелген 12 416 759 адам енгізілген. Бұл көрсеткіш республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың бірыңғай тізімін қалыптастыруға толық негіз бар екенін көрсетеді.

Азамат Айманақұловтың сөзінше, тізімге қаңтар–ақпан айларындағы көші-қон үдерістеріне және азаматтардың жеке өтініштеріне байланысты жекелеген түзетулер енгізілуі мүмкін.

Ол "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заңның 24-бабының 5-тармағына сәйкес, республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтар тізімінің дұрыстығына жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғалары жауапты екенін атап өтті. Азаматтардың тізімін қалыптастыру жұмыстары "Республикалық референдум туралы" және "Сайлау туралы" конституциялық заңдармен, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 23 тамыздағы қаулысымен реттеледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу