11 сәуірде Қырғызстанда негізгі заңға өзгерістер енгізу туралы референдум өткізілгеннен кейін, көршілес мемлекет президенттік басқару формасы бар елге айналды, деп хабарлайды inbusiness.kz жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
Жалпыхалықтық дауыс беру сәтті аяқталу үшін тізімге енгізілген 3,6 млн сайлаушының 30%-дан астамы қатысуы қажет болған еді. Ресми мәлімет бойынша, референдумға сайлаушылардың 37,4%-ы қатысқан, олардың 79%-ы Конституцияға енгізілген түзетулерді мақұлдады.
Референдум нәтижесі бойынша, қазіргі президенттің өкілеттіктері бұрынғы мемлекет басшыларына қарағанда әлдеқайда көп. Жаңа Конституцияға сәйкес, ол министрлерді тағайындау және жұмыстан шығару мүмкіндігіне ие, үкіметті толық бақылайды. Министрлер кабинеті басшысының міндеттерін президент әкімшілігінің басшысы орындайды. Сонымен қатар, мемлекет басшысы алты жылдық мерзімнің орнына екі мәрте бес жылдық мерзімге сайлана алады.
Табиғат Нұрболат