Рейстер кешіккенде, кейінге шегерілгенде жолаушыларға өтемақы төленуге тиiс

663

Сондай-ақ әуе компаниясы жолаушыларға жағдай жасауға міндетті. 

Рейстер кешіккенде, кейінге шегерілгенде жолаушыларға өтемақы төленуге тиiс

Электронды Үкiмет порталының мәлiметiнше, әуе сапарлары кешіккенде, кейінге шегерілгенде жолаушыларға өтемақылар төленуге тиiс, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"ҚР әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңының 86-шы бабында рейстен бас тартылған немесе ол кідірген кезде тасымалдаушының жолаушы алдындағы жауапкершілігі көзделген. Атап айтқанда, авиакомпания кінәсінен рейс орындалмаса, кідіртілсе, әуе кемесі кеш келсе, тасымалдау маршруты өзгерсе, тасымалдаушы жолаушылар үшін әуежайда, жөнелту пункттері мен аралық пункттерде мынадай қызметтердi ұйымдастыруға мiндеттi:

  1. 7 жасқа дейінгі баласы бар жолаушыға (егер ғимаратта бар болса) ана мен бала бөлмесін ұсыну;
  2. Рейстің жөнелтілуін күту 2 сағаттан асса, ұзақтығы 5 минуттан аспайтын 2 рет телефонмен қоңырау шалу, оның ішінде халықаралық байланыс желісі бойынша қоңырау соғу немесе электрондық почта арқылы екі хабарлама жіберу;
  3. Рейстің жөнелтілуін 2 сағаттан артық күткенде салқындатылған сусындармен қамту;
  1. Күту 4 сағаттан асса: күндізгі уақытта – әрбір 6 сағат сайын; түнгі уақытта – әрбір 8 сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз ету;
  2. Рейстiң кешiгуi күндізгі уақытта 8 сағаттан аса, түнгі уақытта 6 сағаттан асса, тасымалдаушы ұсынған қонақ үйге орналастыру;
  3. Тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақүйге дейін және кері қарай жеткізу қызметтері ұйымдастырылуға тиiс.

Осы көрсетілген қызметтер жолаушылардан қосымша ақы алынбай көрсетіледі.

Тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаса (отмена) немесе 10 сағаттан асатын уақытқа кідіртілсе, жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы:

  1. Жолаушыны билетте көрсетiлген баратын жеріне ең жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауға тиiс;
  2. Жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.
  3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген талаптарды бұзуға жол берген тасымалдаушылар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес жаза тартады.

Форс-мажор жағдайларды қоспағанда, авиакомпанияның кiнәсiнен жолаушыны тасымалдау кiдiртiлсе, компания жолаушыға әрбiр кiдiртiлген сағат үшiн билет құнының 3%-ы мөлшерiнде айыппұл төлейдi. Айыппұл сомасы билет құнынан аспауы қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу