Бұл туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Атамекен" жанындағы ШОБ дамыту комитетінің төрайымы, Lanzhou мейрамханалар желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майғарина мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол Atameken Business FORUM алаңында өткен "Салық реформасы – 2026: еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту" атты дөңгелек үстелде сөз сөйлеп, кәсіпкерлікке бір мезетте екі ауыр соққы тигенін атап өтті. Оның айтуынша, салық жүктемесінің артуы мен халықтың сатып алу қабілетінің төмендеуі ШОБ үшін аса күрделі ахуал қалыптастырған.
"Орташа чек шамамен 30 пайызға қысқарды. Бұл – нақты дерек. Қоғамдық тамақтану орындары мен бөлшек сауда нүктелерінің келушілер саны азайып жатыр. Бизнестің тиімділігі бүгінде рекордтық деңгейде төмен", – деді ол.
Кәсіпкердің мәліметінше, бұрын сауда нүктелерінің рентабельділігі 6 пайызға дейін жетсе, қазір бұл көрсеткіш 1 пайызға дейін төмендеген.
"Бұл – бүгінгі нақты жағдай. Кәсіпкерлердің қауіпсіздік қоры іс жүзінде қалмады", – деп атап өтті Гүлбану Майғарина.
Бизнесті жаппай бөлшектеу үрдісі
Салықтық өзгерістердің салдарларының бірі – компанияларды бөлшектеу. Майғаринаның айтуынша, ай сайынғы айналымы 250 млн теңгеге жететін бизнес те бірнеше заңды тұлғаға бөлінуге мәжбүр, себебі серіктестер бұрынғы форматта жұмыс істеуден бас тартып отыр.
"Кәсіпкер әрқашан тиімді шешім іздейді. Бірақ ол өзін шығынға жұмыс істетпейді. Бүгінде бизнесті бөлшектеу жаппай сипат алып отыр – қазіргі жүктемені көпшілік көтере алмайды", – деді ол.
Оның сөзінше, дағдарыстың алғашқы белгілері ресми статистикадан тыс-ақ байқалып отыр. Егер кәсіпкерлер жалақыны кешіктіре бастаса, қызметкерлер де өз кезегінде несиелерін уақытында төлей алмай қалады. ШОБ секторында шамамен 4,5 млн адам жұмыс істейді және бұл теріс үдерістер қазірдің өзінде іске қосылған.
Кәсіпкердің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша оның желісінде төленген салық көлемі таза пайдадан асып кеткен.
"Оңайлатылған салық режимінде біз алдымен салық төлеуге міндеттіміз, ал қаржылық нәтиже содан кейін ғана қалыптасады – пайда бар-жоғына қарамастан", – деді ол.
Сонымен қатар, оның пікірінше, салық түсімдерінің азаю үрдісі қазірдің өзінде басталған. Себебі сатып алу қабілетінің төмендеуі табыстың қысқаруына, сәйкесінше салық салынатын базаның азаюына алып келеді. Бұл үрдіс жаңа Салық кодексінің нормалары күшіне енбей тұрып, өткен жылдың соңында басталған.
Эмоция емес, тек есеп
Табыстылықтың төмендеуі бизнеске ішкі тәртіпті күшейтуге мәжбүр етуде. Майғарина кәсіпкерлерді басқарушылық есепті жетілдіріп, барлық шешімді тек қаржылық көрсеткіштерге сүйене отырып қабылдауға шақырды.
"Дағдарысқа қарсы барлық шара тек цифрларға негізделуі тиіс – эмоцияға орын жоқ. Бұрын 15–20 пайыз рентабельділікпен жұмыс істеп, белгілі бір қор жинауға болатын. Қазір әрбір қате қадам тым қымбатқа түседі", – деді ол.
Оның желісінде қызметкерлер саны 25 пайызға қысқартылған. Кәсіпкердің айтуынша, нарықтағы көптеген ойыншыларда жағдай ұқсас. Дағдарыстан шығудың бір жолы ретінде ол кооперацияны және ірі бірлестіктер құруды ұсынады.
"Жаһандану жағдайында ауқым тек өсім үшін емес, өмір сүру үшін де маңызды. Клиенттер танымал брендтер мен сапалы сервисті таңдайды. Үш-төрт компания маркетингтік шығынды бір компания ретінде көтере алады – бұл шығынды азайтады", – деді ол.
Гүлбану Майғарина Салық кодексінің жекелеген нормаларын қайта қарауды, сондай-ақ бизнестің өзі тарапынан ашықтықты арттыруды қажет деп санайды.
"Бүгінде нарық табыс табумен емес, аман қалумен айналысып отыр. Жаппай жабылуларға жол бермеу үшін мемлекет тарапынан да, кәсіпкерлер тарапынан да жүйелі шешімдер қажет", – деп түйіндеді ол.