Ресей "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы техникаларды сата бастады

354

Нысандар мемлекеттік мүлік аукционы арқылы сатылады.  

Ресей "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы техникаларды сата бастады Фото: Pool via REUTERS

"Байқоңыр" ғарыш айлағындағы жабдықтар сатылымға шығарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты РИА Новостиге сілтеме жасап.

Саудаға "Байқоңыр" ғарыш айлағының алаңдарындағы технологиялық жабдықтар шығарылып отыр. Қазақстан мен Ресейдің бірлескен кәсіпорны "Бәйтерек" ұсынған лот мемлекеттік мүлік аукционының сайтында жарияланды.

Лот сипаттамасында өтінімдерді қабылдаудың соңғы мерзімі 2025 жылдың 4 маусымы деп көрсетілген. Яғни, сол күні аукцион басталады. Заңды тұлғалардың, соның ішінде шетелдіктердің қатысуына рұқсат етіледі. Сатып алушыға қойылатын міндетті талаптардың бірі – мәміле жасалғаннан кейін 30 күнтізбелік күн ішінде жабдықты бөлшектеу және алып тастау үшін арнайы техниканың болуы немесе жалға алуы.

Жабдықтардың сатылуы "Бәйтерек" қазақстандық ғарыштық-зымыран кешенін құру жобасы аясында биыл жылдың соңында жоспарланған алғашқы сынақ ұшыруына дайындық шеңберінде жүргізіліп жатқан жаңғыртуларға байланысты екені айтылды.

"Бұл жабдықтарды сату қолда бар өндірістік алаңдарды оңтайландыру және жаңа технологиялық жүйелерді орналастыруға дайындау шеңберінде жүзеге асырылуда. Бұл жүйелердің жеткізілуі қазірдің өзінде басталды", - делінген "Бәйтерек" компаниясының хабарламасында.

Қазақстан мен Ресей "Бәйтерек" зымыран кешенін іске қосу жобасын 2004 жылдан бері талқылап келеді. Сол кезде тараптар Байқоңыр ғарыш айлағының базасында жаңа кәсіпорын салуды көздейтін келісімге қол қойған болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу