Қаржы мониторингі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті өткен жарты жылдықты қорытындылады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Ведомство басшысы Бақытжан Абулхаировтың айтуынша, жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны үшін 4 тұлғаға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Айыпталушылардан жалпы сомасы 3,7 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді. Тергеу барысында олардың ауыл шаруашылығы жерлерін заңсыз кен өндіруге пайдаланғаны анықталып, тиісті шаралар қабылданды. Ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылады. Ал кен орнын игеру және жақсартуға жаңа инвесторлар тартылды.
"Ауыл шаруашылығы саласын талдау кезінде мұнда да заңбұзушылықтар анықталды. Өңірде еш жерде тіркелмейтін заңсыз астық импорты бар. Кешенді талдау нәтижесінде облыстың орташа жылдық бидай экспорты көлемі 1,5 млн тонна екені анықталды. Бір топ адам ресейлік астыққа жалған шот-фактуралар жазып, оған отандық мәртебесін беріп келген. Қылмыстық іс әшкере болды. 1 іс бойынша үкім шығарылды, 2 қылмыстық іс сотқа жолданды. Импортталған 30 мың тоннадан астам ресейлік астыққа жалған шот-фактуралар жазылған. Нәтижесінде 1 млрд теңгеден астам сомаға транзакциялардың күшін жою шаралары қабылданды. Осыған орай мүдделі органдармен бірлесе жұмыс тобы құрылып, олар тауардың шығарылған жерін растайтын құжаттарды алу мәселесін реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізуге бастамашылық етті", - дейді СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақытжан Абулхаиров.