Көршілес Ресей Қазақстаннан әкелінетін кей ауылшаруашылық өнімдеріне уақытша тыйым салды. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бұл мәселе жақын арада шешілетінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біздің транзиттерде карантиндік объектілер табылған болатын. Он шақты компанияда ондай жағдай болды. Серік Мақашұлы (ред. – Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин) өткенде өзі барып, кездесулер өткізді. Мен Ресей Ауыл шаруашылығы министрімен сөйлестім. Олар қазір бұл мәселені қарастырып жатыр. Бүгін кешке Дмитрий Патрушевпен қайта сөйлесемін. Жауабын аламыз. Бұл жақын күнде шешілетін мәселе", – деді ведомство басшысы.
Тілшілер тыйым алынып тастала ма деп нақтылады. Министр транзит бойынша тыйым болмайтынын айтты.
Бұдан басқа Ресей Қазақстаннан гүл тасымалдауға да уақытша шектеу енгізген.
"Гүлдер мәселесі бойынша да бүгін сөйлесеміз", – деді Айдарбек Сапаров.