Ресей Грузия мен Қазақстан шекарасында резервистерді шығармай жатыр

615

Грузия, Қазақстанмен шекаралас Астрахан облысы мен Солтүстік Осетияда жоғары дайындық режимі енгізілді.

Ресей Грузия мен Қазақстан шекарасында резервистерді шығармай жатыр

Мобилизация жарияланғалы Қазақстанмен шекаралас Астрахан облысындағы "Қараөзек" шекара бекеті мен Грузиямен шекаралас Солтүстік Осетиядағы "Верхний Ларс" бақылау-өткізу пунктінде көлік кептелісі қысқармаған. Тәулігіне мыңдаған адам шекара асуда.

Солтүстік Осетия бойынша Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта Ресей-Грузия шекарасында 3 мыңға жуық автомобиль кезекте тұр. Бір күн бұрын олардың саны 3,3 мың еді.

Сол себепті республика басшысы Сергей Меняйло аймақта жоғары дайындық режимін енгізді. Яғни жеңіл автомобильдердің осы аумаққа кіруі шектеледі. Бұл тыйымның Солтүстік және Оңтүстік Осетия мен Грузия тұрғындарына, сондай-ақ аймаққа демалуға келген және тиісті құжаттары бар адамдарға қатысы жоқ.

Республика басшысы мен Үкіметінің баспасөз қызметінің ақпаратынша, өңірге кіреберістерде, "Верхний Ларстың" өзінде әскери комитеттер мен атқарушы билік органдарының өкілдерінен тұратын мобильді жедел топтар ұйымдастырылған. Олар елдің басқа өңірлерінде есепте тұрғандар мен мобилизацияға ілігетін резервистерге әскерге шақыру қағаздарын таратуда.

Қазақстанмен шекаралас Астрахан облысының Красноярск ауданының аумағында да сәрсенбіден бастап жоғары дайындық режимі жарияланды. Аймақ губернаторының баспасөз қызметінің мәліметінше, мұндай шұғыл шешім Ресей-Қазақстан шекарасындағы "Қараөзек" бақылау-өткізу бекетіндегі ұзын-cонар кептеліске байланысты қабылданған.

"Ресейден шығуға асыққандардың арасында әскерге шақырылатындар мен мобилизацияға жарамды ер адамдар көп", – делінген хабарламада.

Шекара бекетінде федеральдық реестердегі жүйе бойынша мобилизацияға жататындар мен әскери комиссариаттан сыртқа шығуға арналған рұқсаты бар-жоғы тексеріледі. Әскерге жарамды азаматтарды шекарадан шығармай жатыр.

Сондай-ақ баспасөз қызметі алдағы күндері Қазақстанмен шекарада әскерге шақыру қағаздарын тарататын уақытша пункт ашылатынын хабарлады. Ал "Астрахань - Красный Яр" трассасындағы ауыртпалықты азайту үшін билік Красный Яр ауылының маңында көлік қозғалысын уақытша шектеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу