Ресей билігі Қазақстанға орыс тілі мұғалімдерін жіберуге дайын екенін айтты

2425

Екі елдің білім министрлігі басшыларының кездесуінде Қазақстанда орыс тілін насихаттау мәселелері де талқыланғаны айтылады. 

Ресей билігі Қазақстанға орыс тілі мұғалімдерін жіберуге дайын екенін айтты Фото: google.com

Ресей Қазақстан мектептеріне орыс тілі мен басқа да пәндерді орыс тілінде оқытатын мұғалімдерді жіберуге дайын екенін білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Русский мир басылымына сілтеме жасап.

Ресейлік басылымға жарияланған ақпаратқа қарағанда, Ресей білім министрінің орынбасары Денис Грибов пен Қазақстан оқу-ағарту министрлігінің бірінші орынбасары Наталья Жұмаділдаеваның кездесуінде республика мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға Ресейдің қатысу мәселесі талқыланған.

Кездесу барысында кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелері, оның ішінде "Кәсібилік" федералды жобасын жүзеге асырудағы ресейлік тәжірибені зерделеу мәселелері де қарастырылған. Ресей тарапы Қазақстан мектептеріне орыс тіліндегі оқулықтар мен орыс тілінде білім беретін пән мұғалімдерін жіберуді ұсынған.

Ресей үкіметі үйінде Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин мен Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновтің келіссөздері аясында екі елдің білім министрліктері өкілдерінің кездесуі өткені атап өтіледі.

"Талқыланған тақырыптардың ішінде гуманитарлық ынтымақтастық және Қазақстанда орыс тілін насихаттау мәселелерін қамтыды. Ресей үкіметінің басшысы екі мемлекетті тығыз мәдени-гуманитарлық байланыстар байланыстыратынын атап өтті. Михаил Мишустин қазақстандық тарапқа орыс тіліне ұқыпты көзқарасы үшін алғысын білдірді", – деп жазады басылым.

Еске салайық, 2022 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД жанынан орыс тілін насихаттайтын ұйым құру туралы бастама көтерген. Президенттің идеясы Франкофония тәжірибесіне ұқсас халықаралық ұйым құру. Франкофония — француз тілді елдердің халықаралық ұйымы. Ол француз тілін танымал етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу