Ресей Қазақстанға Жайық суы бойынша үлестің жартысын ғана беріп отырған

475

2019 жылы Жайық өзені бойынша Қазақстанға ең төменгі көлемде су келген. 

Ресей Қазақстанға Жайық суы бойынша үлестің жартысын ғана беріп отырған Фото: Uraloved.ru

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Ресей мен Қазақстан бірлесіп пайдаланатын трансшекаралық Жайық өзеніне қатысты ахуалға тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жайық өзені мен оның салалары Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстары үшін негізгі су артериясы болып саналады. Еліміздің осы өңірінде тұщы судың маңызды көздері жоқ. Қазіргі кезде Қазақстан мен Ресей арасында Жайық трансшекаралық өзен бассейнін экожүйесін сақтау жөнінде 2016 жылғы келісім бар. Алайда бұл келісімге қол қою осы суды пайдалану мәселелерін кешенді шешуде айтарлықтай прогреске әкелген жоқ. (...) Екі елдің арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру үшін министрлік қандай шараларды қабылдап жатыр?", - деді Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.

Министр Нұржан Нұржігітов Жайықтан келетін су көлеміне тоқталды.

"Су көлеміне келетін болсақ, 2019 жылы Жайық өзені бойынша Қазақстанға ең төмен көлемде су берілген. Жалпы келісім бойынша біз жыл сайын кем дегенде 7,8 млрд текше метр су алуымыз керек. Ал 2019 жылы 3,5 млрд текше метр ғана су түскен. Сондықтан мемлекет басшылары тапсырма беріп, Ресей мен Қазақстан тарапынан арнайы жол картасы әзірленді. Құжат 2021 жылы бекітіліп, 2024 жылға дейін созылған. Оның мерзімі тағы да ұзартылды", - деп жауап берді ведомство басшысы.

Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаров өзенге айрықша мәртебе беру туралы қаулы жобасы дайындалғанын жеткізді.

"Алайда бір-екі қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындап, қазіргі таңда бұл мәселе шешімін таппай отыр. Бүгінде жол картасы бойынша зерттеулер аяқталуға жақын. География және су қауіпсіздігі институты бұл жұмысты аяқтауға кірісті. Соның негізінде Жайық өзенін ерекше қорғалатын су нысандары тізіміне енгізетін боламыз", - деді вице-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу