Ресей көлік нарығындағы дағдарыс елімізге қалай әсер етіп жатыр?

1097

Ресейлік ақпарат алаңдарында Қазақстаннан автокөлікті қалай сатып алуға болады, қалай алып келу керектігі туралы материалдар көбеюде. Ресейліктерге отандық алыпсатарлар көмектесіп жатыр.

Ресей көлік нарығындағы дағдарыс елімізге қалай әсер етіп жатыр?

Ресейде 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында жеңіл көліктер өндірісі 3 есе азайып, сату 2 есеге төмендеген, деп жазады inbusiness.kz finprom.kz-ке сілтеме жасап. 

Осы жылдың бірінші жартыжылдығында Ресейде жеңіл көліктер өндірісі 2021 жылғы қаңтар-маусым айларымен салыстырғанда 61,8%-ға дейін қысқарды. Ресейлік маркалардың өндірісі 76,5 мыңға дейін, шетелдік автомобильдерді шығару 202,7 мыңға дейін төмендеген. Бұдан бөлек жаңа жеңіл автокөліктерді сату бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша 55,6%-ға азайған.

Украинадағы жағдайларға байланысты көптеген мемлекет Ресейдің автомобиль өнеркәсібі мен нарығына айтарлықтай әсер еткен экономикалық санкциялар енгізді. Наурыз айының басында бірқатар ірі шетелдік автоөндіруші аталған елде өз қызметін уақытша тоқтататынын мәлімдеген. Осылайша, компаниялар ресейлік зауыттарда машиналар шығаруды тоқтатып, ресейлік дилерлерге жаңа машиналар жеткізуді доғарған. Мысалы, Volkswagen, Renault көлік өндірісін тоқтатты. Бұдан бөлек Toyota (Camry және RAV4), Nissan (Qashqai, X-Trail, Murano) және Hyundai (Solaris, Creta және Kia Rio) секілді азиялық брендтердің Санкт-Петербургтегі зауыттарының жұмысы да уақытша тоқтатылды. 

Ресейден автоконцерндердің кетуі мен өндірістің уақытша тоқтауы еліміздің автокөлік нарығына да айтарлықтай әсерін береді деп күтілуде. Мысалы, 2022 жылғы қаңтар–маусымда көршілес елден Қазақстанға импортталатын жаңа көлік саны 5,4 мыңдай болды. Renault автомобильдерінің импорты бір жылда 7,6 есеге, Mazda – 2,8 есеге, Toyota – 2,6 есеге, Volkswagen – 2,1 есеге, Mitsubishi – 2,1 есеге, Nissan – 42,4%-ға қысқарған. Ал Skoda машиналары елімізге әкелінбеді. 

Елімізге Ресейден Haval брендінің көліктері көп әкеліне бастаған.  

Логистикалық дағдарыс пен құрамдас бөліктердің тапшылығына қарамастан, Қазақстанда жаңа автомобильдерді сату 8%-ға ғана қысқарды. Осы жылдың қаңтар-маусым аралығында 51,9 мың жеңіл көлік сатылды. Жалпы сату көлеміндегі отандық автомобиль үлесі бір жылда 62,7%-дан 75,9%-ға дейін ұлғайды.

Ресейлік ақпарат алаңдарында Қазақстаннан автокөлікті қалай сатып алуға болады, қалай алып келу керектігі туралы материалдар көбеюде. Ресейліктерге жеке отандық алыпсатарлар көмектесіп жатыр.

Көршілес елдің автомобиль паркі 64 миллион көлікті құрайды. Жаңа көліктердің жыл сайынғы сатылымы шамамен алғанда 1,5 миллион бірлік болады. Ал отандық автопарк небәрі 4,5 млн автокөліктен тұрады. Оның ішінде, 1 млн жаңа көлік бар. Мұндай жағдайда елімізден Ресейге жаңа көліктер паркі жылдам "кетуі" мүмкін. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу