Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкинмен кездесті. Тараптар екіжақты ықпалдастықтың және халықаралық мәселелердің өзекті тұстарын талқылады.
Дипломаттар Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру бойынша халықаралық коалицияның күш-жігеріне Қазақстанның көрсетіп жатқан қолдауына ерекше көңіл бөлді.
Кездесуде қарусыздану, БҰҰ-ның адам құқығы бойынша кеңесін реформалау және бұл саладағы екі ел әрекеттестігінің перспективалары, сондай-ақ алдағы уақытта өтетін көпжақты іс-шаралар ой елегінен өткізілді.
Сөз арасында дипломаттар АҚШ пен РФ арасындағы екіжақты қарым-қатынастың жағдайын тілге тиек етті.
Ресей мен АҚШ арасындағы қақтығыс басқа елдерге де әсерін тигізетінін ескере отырып, Ержан Ашықбаев екі мемлекеттің мәмілеге келетініне сенім білдірді.