Ресей мен Беларусь сияқты Одақтас мемлекеттің құрамына қосылу жоспарымызда жоқ – Қасым-Жомарт Тоқаев

667

Президент Еуразиялық Экономикалық Одақ әлеуетін экономикалық одақ ретінде күшейтуге мүдделі екенін атап өтті. 

Ресей мен Беларусь сияқты Одақтас мемлекеттің құрамына қосылу жоспарымызда жоқ – Қасым-Жомарт Тоқаев

Қазақстанның Ресей мен Беларусьтің одағына кіру жоспары жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің "Комсомольская правда" газетіне берген сұхбатында осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Қазақстан Ресеймен және Беларусьпен екіжақты форматта да, интеграциялық бірлестіктер (ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД) аясында да тығыз жұмыс жүргізіп келеді. Ресей мен Беларусь сияқты Одақтас мемлекеттің құрамына қосылу біздің жоспарымызда жоқ. Жоғарыда аталған ұйымдар аясында интеграцияны одан әрі дамыту басым бағытымыз болып қала береді",— деді сұхбатта Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Президент Еуразиялық Экономикалық Одақ әлеуетін экономикалық одақ ретінде күшейтуге мүдделі екенін атап өтеді.

"Еуразиялық Экономикалық Одақтың әлеуетін тек экономикалық одақ ретінде күшейтуге мүдделіміз. Кооперациялық байланыстарды дамыту, тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің және жұмыс күшінің ортақ нарығын құру, аталған одаққа мүше мемлекеттердің инвестициялық тартымдылығын арттыру арқылы ЕАЭО-ны жаһандық ауқымдағы тиімді құрылымға айналдыра алар едік. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде ілгерілеуде. 2025 жылға қарай ортақ энергетикалық және қаржылық нарық қалыптасады. Әсіресе, цифрлық ықпалдастық перспективалы бағыт болмақ. Кейде ЕАЭО-да, тіпті ең жоғары деңгейде, қызу пікірталастар болады, бірақ бұл талқылаулар одақты неғұрлым табысты, беделді, тартымды етуге деген ортақ талпынысты білдіреді. Ал оған немқұрайды қарау – анық деградацияның белгісі",— деді Мемлекет басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу