Ресей мен Қазақстан ҰҚШҰ аясында бірлескен әскери оқу-жаттығу өткізеді. Бұл туралы РФ басшысы Владимир Путин Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен Сочидегі кездесу барысында мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Оның айтуынша, қос ел бірқатар ведомство деңгейінде бірлесе жұмыс істеуде.
"Біздің министрліктер де, ведомстволар да, үкіметаралық комиссия да белсенді жұмыс істеуде, сыртқы істер министрліктері, қорғаныс министрліктері бірлесіп түрлі іс-шараларды, оның ішінде ҰҚШҰ шеңберіндегі бірлескен оқу-жаттығуларды дайындауда", – деді Путин.
19 тамызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сочи қаласына РФ басшысы Владимир Путинмен келіссөздер жүргізу үшін сапарлай барды. Тараптар кездесу барысында екі елдің стратегиялық серіктестігінің өзекті мәселелерін, соның ішінде сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту тақырыбын талқылайды. Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында талқыланатын мәселелердің көп екенін және оларды бейресми жағдайда талқылауға дайын екенін мәлім етті.
Табиғат Нұрболат