Қазақстан мен Ресей құтқарушылары өрт сөндіруге бірге дайындалады

772

Қазақстан мен Ресей құтқарушылары өрт сөндіруге бірге дайындалады

Қазақстан мен Ресей шекаралық аумақтарында туындаған табиғи өрттерді бірігіп сөндіреді. Бұл туралы Қостанай облысының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Талғат Кәкімов айтты, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.

Талғат Кәкімовтің айтуынша, 2017 жылы облыстың 33 орман алқабы өртеніп, 8 дала өрті тіркелді. 2016 жылмен салыстырғанда олардың саны 9% өскен. Жалпы, 535, 084 гектар аумақты өрт шалған.

"Жақында облыс аумағында орман, дала өрттерін жою және алдын алу үшін арнайы жасақ құрылды. Оның құрамында 140 адам және 29 өрт сөндіру техникасы бар. Бұған қоса 3 өрт сөндіру пойызы: "Қостанай НОРП-4", "Құсмұрын НОРП-8", "Тобыл НОРП" кез келген жағдайда жабдық тасымалдауға әзір. Қазіргі уақытта өңірде өрттер мен тұтануларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін ғарыштық мониторинг жүргізілуде. Соған байланысты "Geosat" ЖШС-мен келісімшарт жасалды", - дейді Талғат Кәкімов.

Биыл өрт сөндіру жұмыстарына дайындалу үшін қостанайлық құтқарушыларға Ресей ТЖМ мамандары көмектеседі. ҚР және РФ шекаралық аумақтарында туындаған табиғи өрттерді бірігіп сөндіру жұмыстары бойынша 15-18 мамыр аралығында екі елдің жедел құтқару топтарымен командалық-штаб оқу-жаттығулары жоспарланған.

Жиында мәлім етілгендей, мемлекеттік өртке қарсы қызмет штабы құрылмаған елдімекендердегі дала өрттерінің алдын алуға қалалық және аудандық бюджеттен 5 млн 719 мың теңге қарастырылған. Ал орман өрттерінің алдын алуға арналған іс-шараларға облыстық бюджеттен 206 млн 491 мың теңге бөлінді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу