11 мамыр күні Ресей мен Сауд Арабиясы арасындағы визалық талаптарды өзара алып тастау туралы келісім күшіне енді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Құжатқа сәйкес, енді Ресей азаматтары Сауд Арабиясында бір немесе бірнеше рет кіріп-шығу арқылы күнтізбелік бір жыл ішінде 90 күнге дейін визасыз жүре алады. Бұл шарттар Сауд Арабиясы азаматтарының Ресейге сапары кезінде де қолданылады.
Ресей Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, визасыз режим жұмыс істеу, оқу немесе тұрақты тұру мақсатын көздейтін сапарларға қолданылмайды. Сондай-ақ, ресейліктер үшін үлкен қажылық пен кіші қажылық жасау үшін виза алу талабы сақталады.
Визасыз режим туралы келісім 2025 жылдың 1 желтоқсанында Эр-Рияд қаласында қол қойылған болатын. Бұған дейін ресейліктер Сауд Арабиясына бару үшін электронды немесе келу кезінде берілетін визаны рәсімдеуге міндетті болған.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, қазір Ресей азаматтары 79 елге визасыз бара алады. Олардың ішінде 49 мемлекетте 90 күндік визасыз режим қолданылады. Бұл қатарда Біріккен Араб Әмірліктері, Тунис және Оңтүстік Африка Республикасы бар. Тағы 110 елге ресейліктер визамен немесе электронды виза арқылы бара алады.