Ресей Орынбор қаласынан Жайық суын жинайтын бөгет салмақ

2565

Бұл бастама елдің батыс өңіріндегі елді алаңдатып отыр.  

Ресей Орынбор қаласынан Жайық суын жинайтын бөгет салмақ

БҚО тұрғындары Ресейдің Орынбор қаласының маңынан Жайық суын толтыратын бөгет салу жөніндегі ұсынысына алаңдап отыр. Бұл шара онсыз да жыл санап тартылып бара жатқан су көзінің одан әрі тайыздануына әкеп соқтыруы мүмкін, - деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Бұл жөнінде көрші елдің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазуда. Шара 2023-2024 жылдарға жоспарланған, оның алдын ала есептелген құны 300 миллион рубль, жұмыс барысында бұдан көбірек қаражат жұмсалуы мүмкін екені айтылуда. РФ Орынбор облысы табиғи ресурстар, экология және мүліктік қатынастар министрі Александр Самбурский бөгеттің қаланың су қабылдағышын жақсарту мақсатында салынатынын, ол жөнінде федералды су ресурстары агенттігіне ұсыныс жібергенін, биыл жобалау-іздестіру жұмыстарын бастайтынын айтқан. Көрші мемлекеттің Жайық өзенінің 7 шақырым арнасын тазалаймыз, балық шаруашылығын дамытамыз деген бастамасы Қазақстанның батыс аймағында тұратын халықтың назарын еріксіз аударып отыр.  Себебі, Жайық онсыз да тартылып барады, ал Ресей оны жоғарыдан буып, шөміштен одан әрі қысса жағдайдың қалай боларын көзге елестету қиын.

"Мен БҚО Шалқар көлінің жағасында туып-өстім, Жайықтың жай-күйін, кешегісі мен бүгінгісін көз алдымнан өткердім. Бұл мәселені тез арада халықаралық деңгейде көтеріп, әрекет жасамаса болмайды. Қазіргі күні Жайық өзені жайында толыққанды ғылыми зерттеулер жоқ екенін ресейліктер де мойындап отыр. Екі елдің ғалымдарын тартып, уақыт оздырмай зерттеуге кірісу керек. Бұл салада білікті, проблеманы жақсы біліп отырған мамандар бар, өкінішке қарай, екі ортада саясат араласып кетіп отыр деп ойлаймын. Егер осы көктемде тасқын суы келмей қалса, мұның соңы экологиялық апатқа алып келмесіне еш кепілдік жоқ", - дейді зейнеткер, қоғам белсендісі Кенжебай Нығмет.

Туған өлкесінің тағдырына бей-жай қарай алмаған ақсақал ҚР Парламент депутатына мәселеге араласуды сұрап әлеуметтік желіде хат жазды. Онда ол ел билігі шұғыл шаралар қолданбаса Ақ Жайықтан айырылып қалуымыз мүмкін екенін айтып, дабыл қағады.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу